Kyzylorda-news.kz. Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен «Ұлы даланың Ұлтаралық тілі» атты кездесу кеші өтті. Оған облыстық ҚХА басшылығы, қазақ тілін еркін меңгерген әрі аймақтың дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген әр саланың тізгінің ұстаған этнос өкілдері қатысты.

 Айта кету керек, өткен жылы тәуелсіздік күніне орай Елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған «Ұлы даланың Ұлтаралық тілі» атты форумы өткен болатын. Тіл туралы әдеттегі жиындардан өзгеше форматта өткен форум жұмысында қазақ тілін ана тіліндей меңгерген азаматтар емін-еркін ой-пікір алмасып, тіл үйрену жолын өзгелерге үлгі ете отырып, баяндап берді. Форум аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Қансейітұлы өзге өңірлерге челлендж жолдады. Тағылымы мол форумнан кейін өзге өңірлер де мемлекеттік тіл насихатын қарқынды түрде жүргізуде. Игі бастаманы ілгерлету мақсатында Сыр елі челленджді Түркістан облысынан қабыл алды.  

 «Отанды өз үйі деп санайтын, мақсаты бір, болашағы айқын  әрбір этнос өкілі қазақ тілін өз ана тіліндей сүйіп, қастерлеу керек. Бізді біріктіретін де, алға бастайтында ол – тіл. Қазақтан халқы Ассамблеясы 25 жылдығы» аясында қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру бағытында көптеген шаралар ұйымдастырылуда. Осы бағытта Сыр өңірінде «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасы қарқынды түрде жүргізілуде.  Достық үйінде тілдерді оқыту кабинеті жұмыс жасайды. Онда мемлекеттік және ағылшын тілдері оқытылуда. Осы уақытқа дейін 100-ге жуық білім алушы мемлекеттік тіл бойынша білімдерін кеңейтті. Этнос өкілдері арасында «Мәміле» қазақ тілі клубы арқылы сөйлеу шеберлігін арттыру жұмыстары қолға алынды. «Абай қазынасына саяхат» клубының тұсаукересі өтіп, оған 35-тен астам этнос өкілдері тіркелді»,-  деді «Қоғамдық келісім» КММ директоры Уалихан Ибраев.

Сонан соң Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы, тіл жанашыры, қазақ тілін ұлтаралық деңгейге көтеруге отбасымен бірге атсалысып келе жатқан Елена Рыбина сөз алды.

«Журналистика саласына қазақ тілінде еркін сөйлеуімнің арқасында келдім. Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдары саласында қызмет еткеніме 11 жылдай болды. 5 жылдан астам уақыт өңірге танымал қалалық телеарнада қазақша диктор-редактор болып жұмыс жасадым. Қазіргі күні Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей бастамасымен ашылған болашақ зияткерлерді дайындайтын, үш тілде оқытатын Назарбаев зияткерлік мектебінде баспасөз хатшысы қызметін атқарып келемін. Жолдасым да қазақ тілінде сөйлеп, өз ойын еркін жеткізе алады. Отбасымызбен қазақ тілін мәртебесін арттыруға үлесімізді қосу мақсатында ұлымызды қазақша балабақшаға бердік және мемлекеттік тілді ұлтаралық тілге айналдыру бастамасына атсалысып келеміз»,- деді ол.

 Мұнан соң бала күнінен Ұлы Абайдың берер өнегесін бойына сіңіріп өскен Қорқыт ата атындағы ҚМУ «Филология» факультетінің 2 курс студенті Елена Пак сөйледі. Ол тәрбиелік арнаның қайнар көзі жатқан Абайдың 200-ден астам өлеңі мен «Ескендір» поэмасын жатқа біліп, ойшыл ақынның жыр маржанымен сусындап өскендігін, тіл білімінің қыр-сырына қаныға түсуге ынта жасап жүргендігін және әжесі Светлананың арқасында қазақ руханиятына деген қызығушылығы оянғандығын айтып өтті.  

Кездесу кешіне келген қонақтар №9 орта мектептің мұғалімі, татар этномәдени бірлестігінің белсендісі Елена Ишканованың орындауында Абай атамыздың «Көзімнің қарасы» әнін тыңдап, әдемі әсер алды.

Тіл мәртебесін арттыру ниетінде өткен мазмұнды шараға индус этносының қызы қонаққа келді. Ол Сыр еліне қоныс аударғанына 1 жыл болыпты. Әрі ол Ұлы Абайды жанымен сүйіп оқиды. №2 Мұрагер мектебінің 6 сынып оқушысы Айшани Дататрея Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындап, қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін білдірді.

Шара өте жылы әрі тартымды өтті. Онда әрбір этнос өкілінің қазақ тіліне деген құрметі айтылды. «Атамекен» балалар ауылының тәрбиеленушілері Анна Нестерова және Виктор Ленивкин де қазақ тілін қалай үйренгендерін айтып өтті.

Қазақтың жеті кереметінің бірі – киелі домбыраның құлағында ойнап, қазақ өнерін насихаттауға өз үлесін қосып жүрген облыстық «Мың бала» байқауының жеңімпазы Лиза Есмаева балабақшадан қазақ тілін біліп, меңгергендігін айтты. Ол тіл білу арқылы республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы атанды.

 Қазақ халқының дәстүрі, тарихы, әдебиетін үйреніп, ұлы ұстаз, ғұлама Әбу-Насыр Әл-Фараби іспетті ілім мен білімді жас ұрпақ санасына сіңіруге күш салып, орыс тілді сыныптарға қазақ тілінен дәріс беретін ұлты лезгин болса да, жүрегі қазақ деп соғатын Альбина Гадирова «Мен үшін қазақы қаймағы бұзылмаған Сыр елінің әрдайым орны бөлек. Дәл осы жерде мен мемлекеттік тілді – қазақ тілін жетік меңгеріп, армандарыма жақындай түстім. Әкем лезгин болса да, қазақтың салт-дәстүрін берік ұстанып өтті. Мен де сол бағыт-бағдармен, қазақ еліне, тіліне деген сүйіспеншілікпен өз жолымды салып келемін. Менің шәкірттерім әрдайым оқ бойы озық шығып, республикалық, облыстық деңгейдегі ғылыми жобалар сайысынан алдыңғы орындарға ие болып келеді. Ұлттық бірыңғай тестілеуден 25 балдан алып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп жүр»,-  деді.

 Тағылымы мол шарада шешен этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Юсуп Саидов қазақ тіліне деген құрметін білдірді.

Қазақ тілі мәртебесін арттыру мақсатында өткен мәнді де мазмұнды кездесу кешінде этнос өкілдері қолдарына жүрекшелер ұстап, «Атамекен» әнін орындады. Сыр өңірінің тіл жанашырлары «Ұлы даланың Ұлтаралық тілі» челленджін Түркістан облысынан қабылдап алып, Ақтөбе облысына жолдады.

Тағы да оқыңыз: