Kyzylorda-news.kz. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінде Тәуелсіздік күніне орай мерекелік шара өтті.
Салтанатты жиынға департамент қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Мерекелік шара департамент басшысы Нұрман Талқанбаевтың құттықтау сөзімен ашылды, егемен ел болып еңсемізді түзегелі бергі елеулі жетістіктерге тоқталды.
«Тәуелсіздік – ата-бабамыздың арманы орындалып, жасампаздығымызды жаңа белеске көтерген мереке. Тәуелсіздік жылдары кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру мақсатындағы тиімді реформалар қолға алынып, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі артты. Кез келген елдің дамуы алдымен татулықтың, тұрақтылықтың арқасында екені дәлелденген қағида. Ендеше оны сақтай білу біздің парызымыз», – деді Нұрман Талқанбаев.
Шара барысында «Үздік Әдеп жөніндегі уәкіл» конкурсының жеңімпаздары дипломдармен марапатталды. Жеңімпаз болып облыстық экология департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл Марат Құрманбаев танылды. Ал, жергілікті атқарушы органдар арасынан Қазалы ауданы әкімінің орынбасары, Әдеп жөніндегі уәкіл Әлімжан Жарылқағанов атанды. Мерекелік шарада мемлекеттік қызмет саласының дамуына өз үлесін қосқаны үшін бірқатар сала мамандары да Алғыс хаттармен марапатталды.