Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына қарасты Төменарық елді мекенінде кеше кешкісін тұрғын үй толықтай жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Төтенше оқиға 25 сәуірде жергілікті сағат 19.45 шамасында болған. Аудандық №14 өрт сөндіру бөлімінің 101 байланыс телефонына сол уақытта хабар келіп түсті. Аудан орталығы мен Төменарық елді мекенінің қашықтығы 44 шақырымды құрайды. Өрт сөндірушілер шақыру орнына келіп жеткен сәтте округтегі ерікті өртке қарсы құрылымынан (5-адам, 1-техника ) үйді шарпыған жалынды сөндіріп жатқандығы анықталды. Өрт 21.08-де толықтай сөндірілді.

«Оқыс оқиғадан қаза тапқан және жарақат алған адамдар жоқ. Сол уақытта үйде 1963 жылғы әйел мен 1986 жылғы ер адам болған. Екеуі де екінші топтағы мүгедектер. Өрт электр желілерінің қысқа тұйықталуы салдарынан шыққан болуы мүмкін. Оқиғаға байланысты іс құжаттары жинақталуда. Қазір анықтау жұмыстары жүргізілуде. Ол заңды процессуалдық шешім қабылдау мақсатында аудандық полиция бөліміне тергеу реттілігімен жолданады», – деп мәлім етті облыстық төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз маманы Әлия Ережепова.

Қазіргі таңда ауылдастары баспанасыз қалған отбасыға қолдау көрсету жолдарын қарастыруда.

Тағы да оқыңыз: