Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында «Тәуелсіздік белестері: көркем мәтіндердің рухани-әлеуметтік мәні мен тәрбиелік қуаты» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасы «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен жиын Zoom платформасы арқылы өткізілді. Аталған конференцияға орталықтың тіл мамандары, ЖОО ғалымдары, тілшілер, әдебиетшілер, білім алушылар мен мектеп мұғалімдері қатысты.

Конференция мақсаты – Тәуелсіздік дәуіріндегі көркем әдебиеттің қол жеткізген жетістіктерін саралау, бағалау, зерделеу.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияның кіріспе сөзін «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директорының міндетін атқарушы Ербол Тілеш ашып беріп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Конференция барысында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлжаһан Орда «Ұлттық әдебиеттің тәуелсіздік тұсындағы табыстары» тақырыбында, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, PhD докторы Ерқанат Хуатбекұлы «Жастар шығармасындағы көркемдік ізденістер» тақырыбында, Шәкәрім университеті, филология ғылымдарының кандидаты Айман Ақтан «Тәуелсіздік рухы: балалар әдебиетіндегі жаңа ізденістер» тақырыбында, Нұр-Сұлтан қаласы, «Тұран» университеті «Журналистика және аударма ісі» кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Гүлжан Тулекова «Ы.Алтынсарин әңгімелерінің танымдық синопсисі» тақырыбында, Қорқыт Ата атындағы ҚУ оқу магистрі Әсем Пірімова «С.Елубайдың «Жалған дүние» романындағы ұлттық тіл мәселесі» тақырыбында баяндама оқыды.

Тағы да оқыңыз: