Kyzylorda-news.kz. Биыл аймағымызда бюджеттік тәртіпті сақтау мен қаржылық процестерді оңтайлы басқаруда бірқатар маңызды қадамдар жасалды. Нәтижесінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары едәуір төмендеген. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысының міндетін уақытша атқарушы Руслан Яғмусов мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауынан туындайтын міндеттерді іске асыру мақсатында Агенттік бастамасымен жемқорлықты болдырмау мақсатында аймақта ауқымды жұмыстар жасалды. Мәселен департаменттің ұйымдастырумен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен нөлдік төзбеушілікті қалыптастыру мақсатында 937 іс шара өткізіліп, 487 мыңнан аса азамат қамтылған. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғам белсенділері, Арнайы мониторинг топ және «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсе мүшелерінің қатысуымен 5 мониторинг өткізілген. Мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлескен алдын алу жұмыстарының нәтижесінде облыста жемқорлық деректері біршама азайған.

«Департамент тарапынан кәсіпкерлер мен инвесторлардың жобаларын сыбайлас жемқорлық әрекеттерден қорғауға барлық шаралар қабылдануда. Агенттіктің кәсіпкерлер тап болатын барлық процестерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу арқылы бизнес пен инвесторлардың мемлекеттік органдарға сенімін арттыруға бағыттауда. Осы орайда «Protecting bussines and investments» жобасы аясында инвесторлардың жалпы құны 556,4 млрд. теңгені құрайтын 24 инвестициялық жобасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеуге алынған», – деді Руслан Файзуллаұлы.

Тағы да оқыңыз: