Kyzylorda-news.kz. Қызылорда гарнизоны әскери бөлімінде жазғы оқу кезеңінің жауынгерлік әзірлік жоспарына сәйкес амфибиялық бөлімшелердің су даярлығы бойынша біліктіліктерін арттыратын оқу-жаттығуы жалғасын табуда.

Барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып өтіп жатқан оқу-жаттығуда алдын-ала қауіпсіздік шаралары мен теориялық сабақтар ұйымдастырылды.

Дәрістердің жоғары дәрежеде өтуі үшін оқу орындары қажетті оқу-материалдық базамен қамтамасыз етілді. Тәжірибе жүзінде жалғасын тауып жатқан жаттығулар кезінде барлаушылар су даярлықтары бойынша біліктіліктерін арттырып, білімдерін шыңдап түрлі сынақтардан өтеді.

Сонымен қатар, амфибиялық бөлімшесінің жеке құрамы түрлі қашықтықтағы шыдамдылық пен шапшаңдыққа, терең суға сүңгу, моторлы қайықтарды басқаруға арналған оқу-жаттығулар бойынша сынақтар тапсырып, жедел медициналық көмек көрсету тапсырмаларын орындаумен айналысады.

Жаттығудың басты мақсаты – бөлімдегі амфибиялық бөлімшелердің жауынгерлік әзірлік деңгейін бақылап, әскери барлаушылардың міндеттеріне сай су ортасындағы тапсырмаларды кенеттен орындау шеберліктерін шыңдау.

«Жаттығу барысында жеке құрамның судағы іс-қимылдарын жетілдірудегі дағдылары мен алған білімдері бағаланатын болады. Құрал-жабдықтарды, қару-жарақты жауынгерлік дайындық жағдайына келтіру де ескеріледі. Әскери қызметшілерге судағы  өз шеберліктерін арттыру бойынша қажетті теориялық және тәжірибелік сабақтар өз деңгейінде берілуде», – дейді арнайы мақсаттағы амфибиялық барлау ротасының топ командирі аға лейтенант Дархан Унайгалиев.

Оқу-жаттығу аяқталысымен біліктіліктерін арттыру сабақтары кезінде жоғары нәтиже көрсеткен әскери барлаушыларға арнайы сертификаттар табысталатын болады.

Тағы да оқыңыз: