Kyzylorda-news.kz. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» республикалық ғылыми-ағарту жобасы аясында «Сөз маржаны» облыстық зияткерлік байқауы өткізілді. Байқауға Қызылорда қаласынан этнос оқушылары қатысып, бағын сынады.

Мақсаты жастар арасында, оның ішінде этнос оқушыларына мемлекеттік тілді насихаттау, қолдану аясын кеңейту арқылы қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайту.

Байқау қатысушыларды патриотизмге, ұлттық салт-дәстүрді құрметтеуге, отанға деген сүйіспеншілікті арттыруға тәрбиелейді. Ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға, халқымыздың сөз өнерін ауызекі сөйлеуде дұрыс қолдана білуге үндейді.

 Осы орайда «Кім тапқыр», «Қайым айтыс», «Құпия сөз», «Балама мағына», «Тіл өнері»  кезеңдері бойынша сынға түскен қатысушылар мақал-мәтелдердің жалғасын табу, ой-тұжырымын ашу, қойылған жұмбақтың шешімін тауып, фразеологиялық сөз тіркестерінің балама мағынасын айту т.б. сынды шарттарды орындап, үздіктер анықталды.

Байқауға облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты тілдерді оқыту орталығының аға оқытушысы Айдана Махамбет, «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Айбек Дайрабай қазылық жасап, мықтыларды анықтады.

 Сайыс нәтижесінде жүлделі 1 орында №198 орта мектебінің оқушысы Луиза Садиги, 2 орынды №7  мектеп-лицейінің оқушысы Мухамеддали Гафуров, 3 орынды №7 мектеп-лицейінің оқушысы Ильяна Ким иеленді. Жүлдегерлер мен олардың жетекшілеріне  белсенділік танытып, жоғары нәтиже көрсеткені үшін «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Қанат Ақылбеков өз ризашылығын білдіре отырып, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Жағыпар Тажмахановтың  атынан диплом, алғыс хат табыстады және ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтарын ұсынды.

Тағы да оқыңыз: