Қызылордада шешен этносының мәдени күні өтті – Kyzylorda News
Басты бет

Қызылордада шешен этносының мәдени күні өтті

22.09.2022, 18:14

224 0

Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы Достық үйінде «Сыр өңірі – бейбітшілік пен келісімнің мекені» жобасы аясында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен «Вайнах» облыстық шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен шешен этносының мәдени күні өтті.

Іс-шараға «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен белсенділері, жастар, қала тұрғындары қатысты.

Шара аясында Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов пен «Западный поток» жобасының Үйлестіру кеңесінің төрағасы Усман Дигаев құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ, жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтуға елеулі үлес қосқан бірқатар этномәдени бірлестік өкілдеріне алғыс хаттар табыс етілді.

Мәдени күн концерттік бағдарламамен жалғасты. Шешен этномәдени бірлестік жетекшісінің орынбасары Лайла Пашаева қазақ халқына деген ризашылығын монологпен жеткізді.

Шарада қазақ және шешен ұлттық әндері шырқалды. Сахнада депортация жылдары Кавказдан қоныс аударушыларды паналаған қазақ халқына шешен этностары алғыс білдіретін өлеңдер оқылды. Шара соңында қонақтар шешен ұлттық тағамдарынан дәм тәтті.