Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында Батыр ана, Социалистік Еңбек Ері Сәлима Жұмабекқызының 85 жылдығы атап өтіледі.
Батыр ананың еселі еңбегі мен өнегелі өмірін өскелең ұрпаққа үлгі ету мақсатында өңірлік іс-шаралар жоспары бекітілді. Ертең Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Студенттер сарайында» ғасыр анасының құрметіне ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылады. Ал 27 наурызда Тұрмағамбет Ізтілеуов ауылында «Сәлима ана» кесенесінде құран бағышталып, арнайы ас берілетін болады.
«Аты аңызға айналған тұлғаның өмірі мен еңбек жолын насихаттау біздің міндетіміз. Себебі алдыңғы көшке қарап, кейінгі ұрпақ бой түзейді. Біз ол кісінің есімін ұлықтау мақсатында 26-27 наурыз күндері қала мен туған жері Қармақшы ауданы, Тұрмағамбет Ізтілеуов ауылында ауқымды іс-шаралар ұйымдастырмақпыз. Мәселен, осы күндері қаламызда батыр ананың тұрған үйінде мемориялдық тақта орнатылады. Сондай-ақ, үйі «Сәлима ана» атты қоғамдық музейге айналып, онда архивтік құжаттар мен наградалары, фото суреттері мен жеке заттары қойылады», – деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова.
Еңбек Ерінің құрметіне орай студенттер арасында Сәлима Жұмабекқызының мұражайын цифрландыруға арналған конкурс өткізіледі. Оған ІТ саласына қызығатын жастар қатыса алады. Конкурс үздігіне Сәлима Жұмабекқызының ұрпақтары атынан 150 мың теңге қаржылай сыйақы берілетін болады.
«Еңбек Ері атанған Сәлима Жұмабекқызының ел игілігі жолындағы атқарған еңбектерін келешек жас буын білуі керек. Батыр ананың 85 жылдық мерейтойына арнап түрлі деңгейде танымдық-шығармашылық бағытта шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Яғни, 29 наурыз күні облыс бойынша тұлғаның өнегелі өмірін насихаттайтын бірыңғай сынып сағаттары өтсе, 30 наурызда «Сәлима Жұмабекова – ғасырдың батыр анасы» тақырыбында оқушылар арасында эсседен байқау ұйымдастырылады», – деді облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова.