Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданында егістік алқабындағы жанжалдан кейін бірнеше қылмыстық іс қозғалды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 11 қазанда Сырдария ауданының Тоқмағамбетов ауылындағы күріш алқабында “Тоқмағамбетов жер” ЖШС-не тиесілі егістікті күзетуші мен ауыл тұрғындарының арасында жанжал шыққан.

Оқиға орын алған жерде күзетшілердің бірі қызметтік травматикалық қарумен (“МР-47”) аспанға бір мәрте ескерту оғын атқан. Одан кейін автокөлікпен кісі қаққан.

Қызылорда облысы полиция департаментінің хабарлауынша, осы дерек бойынша Сырдария аудандық полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 252-бабы (жекеше күзет қызметтері қызметшілерінің өкілеттіктерін асыра пайдалануы) бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

“Сырдария ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері қандай да бір заңсыз іс-әрекеттер жасамаған және  кәсіпкерлікке кедергі келтірмеген. Қызметкерлер заң шеңберінде өздеріне тиісті міндеттерін атқарды”, – деді Қызылорда облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметi басқармасының бастығы Бауыржан Ибраев.

Сонымен қатар жанжал кезінде “Тоқмағамбетов жер” ЖШС заңгерін ауыл тұрғындары ұрып, дене жарақатын салған. Соған байланысты Қылмыстық кодекстің 293-бабының 2-бөлігі 1-тармағы бойынша (адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы қоғамдық тәртіпті сақтамай бұзақылық қылмысын жасау) қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Қазіргі таңда тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу облыс прокуратурасы және полиция департаменті бастығының бақылауына алынған.

Тағы да оқыңыз: