Kyzylorda-news.kz. Қызылордада қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесін орнату жобасы  жүзеге асады. Бұл туралы елордада ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингте Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов мәлімдеді.

Брифинг соңында аймақ басшысы БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Солардың бірі қоғамдық көлікке қатысты болды.

– Қызылордадағы қоғамдық көліктің жайы қалай? Қоғамдық көліктің қатары жаңа автобустармен толыға ма?

«Қызылорда қаласында жалпы үлкен және кіші сыйымдылықтағы 800-ге жуық қоғамдық көлік бар. Мәслихат депуттарының шешімімен жол ақысы үлкендерге 90, оқушыларға 40 теңге болып бекітілген. Келесі жылдың ақпан айынан бастап билет электронды жүйеге өтеді. Ол үшін біз алматылық компаниямен келісімге келдік. Жоба мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жүзеге асады. Біз электронды билет жүйесін жолға қою арқылы қоғамдық көліктердің тәртібі мен табысын бақылауда ұстайтын боламыз.  Түскен табысқа жаңа автобустар алуды жоспарлап отырмыз. Егер тұрғындар электронды жүйеге өтсе үлкендер 80 тг, оқушылар 30 тг төлейтін болады. Ал, өтпеген жағдайда халықты үйрету үшін  жол ақысын 90-150 теңгеге дейін көтермекпіз», – дейді облыс әкімі.

Тағы да оқыңыз: