Kyzylorda-news.kz. Қызылордада Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу бойынша кездесу өтті.

Мәжіліске ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Рафхат Бисенов, ҚР Президенті жанындағы Басқару академиясының облыстық филиал директоры Мұрат Айтимов, қала әкімі аппаратының басшысы Жанмұрат Сейілов және 35 жасқа дейінгі түрлі сала қызметкерлері қатысты.

Елімізде Президенттік жастар кадрлық резервін қалыптастыру бойынша жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл маңызды бастама Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында көтерілген болатын. Жоба бір күндік емес, еліміздің жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыратын, басқару жүйесін жаңғыртуға арналған ұзақ мерзімді саясат болып табылады. Сондай-ақ, өңірлерде немесе экономиканың қай саласында болсын тынымсыз еңбек етіп жүрген жастарды ынталандыруға мүмкіндік береді деген Жанмұрат Жақсымұратұлы, қазіргі таңда жетістікке жетудің, еңбекке қабылетті болу және қашанда сұранысқа ие маман болудың бірден бір жолы өзіңді дамыту екендігін жеткізді.

Қатысушыларға Рафхат Төлеуғалиұлы Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу, яғни жаңашыл жобаның маңызы мен негізгі талаптары туралы кеңірек ақпарат берді.Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылғы 1 қыркүйектен Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу басталды. Оның қорытындысы бойынша мемлекеттік сектор үшін 50 резервші іріктелетін болады. Іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімі және кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар, сондай-ақ мемлекеттік тілді орташа деңгейден төмен емес деңгейде білетін Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Резервте болу мерзімі 3 жылды құрайды. Резервшіні бос мемлекеттік лауазымға тағайындау құзыреттер жиынтығы ескеріле отырып және Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияның ұсынымы бойынша конкурстан тыс тәртіппен жүзеге асырылатын болады. Резервке алу үшін үміткерлерге бірнеше жүйелі кезеңдерден өту керек, оның ішінде, күрделі сандық және мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау, ситуациялық тапсырмаларды шешу, құзыреттерді бағалау, сарапшылық комиссияда әңгімелесу, ҚР Президентінің жанындағы Жастар кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы. Көптеген кезеңдер онлайн режимінде өтеді. Құжаттарды қабылдау 30 қыркүйекке дейін pkrezerv.gov.kz цифрлық платформасында онлайн режимде жүргізіледі.

Сондай-ақ, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы қызылордалықтарды Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеуге қатысуға шақырып, талапкерлерге кері байланыс үшін департаменттің 70 56 26 номеріне байланысқа шығып, қосымша ақпарат ала алатындығын жеткізді.

Тағы да оқыңыз: