Kyzylorda-news.kz. Биылғы жылдың 1-ші қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметкерлердің саны 3540 адамға толықты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрман Талқанбаев мәлімдеді.

«Мемлекеттік қызметкердің 15,2 пайызы жастар. Жастар жылында кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру бағытында «Президенттік жастар кадр резерві» жобасы қолға алынды. Жобаға– 35 жастан аспаған, жоғары білімі жəне кемінде бес жыл еңбек өтілі бар ҚР азаматтары қатысты. Резервке облысымыздан 11 азамат қабылданды. Оның ішінде, 3-і жеке сектордың өкілі, 7-і квазимемлекеттік сектордың қызметкері болса, 1-і мемлекеттік қызметші»,-деді Нұрман Талқанбаев.

Сондай-ақ, Мемлекеттік тестілеуге 1783 адам қатысып, оның 693 азаматы жақсы нәтиже көрсетті. Ал, құқық қорғау органдарына алғаш кіретін азаматтарды тестілеуге 1 189 адам қатысып, оның 533 азаматы шекті мәннен төмен емес нәтижеге қол жеткізді.

Мұнан өзге, Мемлекеттік қызметкерлердің мансаптық өсу мәселесіне жоғары мән берілуде. Осыған орай, ішкі конкурстардың оң қорытындысына ие болған 328 үміткердің 237-сі, жоғары лауазымға тағайындалды.

«Өткен жылы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалы базасында жергілікті атқарушы органдардан 605 қызметкер оқытылды. Оның ішінде, қайта даярлаудан – 150, ал біліктілігін арттыру курстарынан – 455 мемлекеттік қызметші өтті»,-деді Нұрман Талқанбаев.

Тағы да оқыңыз: