Kyzylorda-news.kz. Биылғы жылдың 11 қаңтарынан бастап енген жаңа заңнамаға сәйкес түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Енді мас күйінде көлік жүргізгендерге қатысты жаза күшейтілді. Жаңа заң қолданысқа енгеннен бастап Қызылорда облысында ішімдік ішіп, көлік басқарған екі автокөлік жүргізушісі қолға түсті.

Оқиғаның бірі облыс орталығында, екіншісі Жаңақорған ауданында болған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар орталығының ақпарат алаңында Қызылорда облысының Полиция департаменті Жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Азамат Оспанов мәлімдеді.

Ағымдағы жылдың 16 қаңтар күні жол сақшылары жүрісі сезікті автокөлікті тоқтатқан. Алайда көлік иесі тәртіпке бағынбай қаша жөнелген. Бірақ көп ұзамай көлік тоқтатылып, оның жүргізушісі ішімдік ішкендігі анықталды. Тексеру барысында жүргізушінің мас күйінде көлік басқарып, оның үстіне бұрын-соңды сот шешімімен жүргізу құқығынан айрылғандығы белгілі болды. Қазіргі таңда сот амалдары жүргізіліп жатыр.

«Аталған іске байланысты жүргізушіге 5 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып, 5 жыл бас бостандығынан және өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған», – дейді Азамат Оспанов.

Брифинг барысында басқарма бастығының орынбасары биылдығы жылдың 11 қаңтарынан бастап күшіне енген ҚР әкімшілік құқық бұзушылық заңының жол-көлік оқиғаларына қатысты баптарына тоқталып өтті.

«Бұрынғы заңнама бойынша жүргізуші көлікті ішімдік ішіп басқаратын болса, жүргізуші куәлігінен 3 жылға айырылатын. Енді биылдан бастап мұндай іс-әрекеті үшін 7 жылға куәліктен айырылады және 15 тәулікке қамауға алынады. Бұл бірінші рет автокөлікті масаң күйде басқарғаны үшін қолданылатын жаза. Ал егер жүргізуші көлікті масаң күйде басқарып, жол көлік оқиғасын жасап, материалдық шығын келтіретін болса, 7 жылға дейін көлік жүргізу куәлігінен айырылып, 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынады. Сонымен қатар жүргізу 3 немесе 7 жылға көлік жүрігізу куәлігінен айырылған адам сол уақыт аралығында көлік жүргізсе оған 10 тәулікке қамауға алынып және айыппұл салынатын болады», – дейді.

Байқағанымыздай, жаңа заң ешкімге аяушылық танытпайды. ҚР Қылмыстық кодекске жаңадан енген 345-1-бап бойынша масаң күйде жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу арқылы абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян, адам өліміне алып келген және абайсызда екі немесе одан көп адамның өліміне алып келген іс-әрекет үшін қылмыстық жауапкершіліктер қарастырылған. Сонымен қатар кодекстің 346 бабын күшейтуге бағытталған біршама өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.

Динара МАХАНОВА

Тағы да оқыңыз: