Қызылордада кәсіпкерлердің 87,4 млн теңге қарызы қайтарылды – Kyzylorda News
Басты бет

Қызылордада кәсіпкерлердің 87,4 млн теңге қарызы қайтарылды

04.05.2021, 18:00

289 0

Kyzylorda-news.kz. Кәсіпкерлер палатасы мен прокуратураның әріптестік байланысы негізінде бизнес өкілдерінің 87,4 млн теңге қарызы қайтарылды. Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Салават Құлмахан айтты.

Ол кәсіпкерлердің құқығын қорғауда өңірдегі прокуратура органдарының үлесі зор екенін жеткізді.

«Бизнес өкілдерінің өзекті мәселелерінде прокуратура Кәсіпкерлер палатасының сенімді серіктесіне айналды. Бүгінде қос тарап әріптестік негізде тиімді жұмыс жүргізіп келеді. Бір ғана мысал, бірге жасалған жұмыстың нәтижесінде биылғы жылы Қазалы ауданаралық ауруханасы фармацевтикалық компаниялардың 87,4 млн.теңге қарызын төлеп берді», – деді Салават Құлмахан

Сонымен бірге, қазіргі таңда прокуратураның жанындағы мобильдік топтардың жұмысы жанданып, осы жылдың 3 айының өзінде бизнес өкілдерінен 17 арыз-хабарлама түскен. Мобильдік топтардың жұмыстардың нәтижесінде осы жылдың өзінде 13 прокурорлық қадағалау актілері енгізіліп, 83 кәсіпкердің құқығы қорғалған. Мемлекеттік органдардағы 7 тұлға тәртіптік, 1 лауазымды тұлға әкімшілік жауапқа тартылса, 2 заңсыз тексерудің және кәсіпкерлерге қатысты 9 әкімшілік өндірістің күші жойылған. Кәсіпкерлер 360 485 теңге айыппұлдан босатылған.

Пандемия жағдайында прокуратура органдары шектеу шараларын жеңілдетуге де үлестерін қосуда. Облыстық прокуратураның наразылығына сәйкес облыстың бас санитариялық дәрігерінің қаулысына өзгерістер енгізіліп, көптеген кәсіпкерлік субъектілерге белгіленген жұмыс уақыты бойынша шектеулер алынып, жекелеген бизнес субъектілерінің жұмыс мерзімі ұзартылған. Карантин талаптарының сақталуы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органымен бір кәсіпкерге екі рет заңсыз тексеру жүргізілгендігі анықталып, тексеру нәтижелері туралы актілердің және ұйғарымның күші жойылған. Сондай-ақ, өңірдегі прокуратура мемлекеттік тапсырыс бойынша білім беру қызметін көрсеткен 75 жеке балабақшаның 192,9 млн.теңге бюджет берешегінің төленуін де қамтамасыз етті.

Айта кету керек, жыл басынан бері Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасына бизнес өкілдерінен құқығын қорғауды сұраған 53 арыз түсті. Бүгінде оның 23-і оң шешіліп, кәсіпкерлер 35,3 млн.теңге қаржысын сақтап қала алды. Қалған өтініштер қаралуда.

0

Пікір қалдыру