Kyzylorda-news.kz. Қызылордалық полицейлер ірі көлемде есірткі затын тасымалдаған Жамбыл облысының тұрғынын ұстады.
Оқиға 24 маусым күні сағат 06:10 шамасында орын алған. Қызылорда облысы Полиция департаментінің патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Қызылорда-Павлодар тасжолының 13 шақырымында Жамбыл облысының Мерке ауданынан Нұр-Сұлтан қаласына қарай бағыт алған жеңіл автокөлігін жол ережесін бұзғаны үшін тоқтатқан. Тексеру барысында көліктен ішінде есірткі заты бар сөмке анықталды. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат жалпы салмағы 12 келіден астам кептірілген марихуана болып шықты. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігімен (Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтауда.