Kyzylorda-news.kz. Кеше кешке Қызылорда қаласына кіреберістегі блокпост маңында шыққан өрттің мән-жайы белгілі болды.
«ҚазАқпараттың» жазуынша, Өрт Тұңғыш Президент паркіне қарсы алқапта тұтанған. Маңайында тұрғын үйлер орналасқан.
Жергілікті «112» құтқару қызметіне хабарлама сағат 20.25 шамасында түскен. Оқиға орнына №1, 2 және 6 өрт сөндіру бөлімдерінің, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жетті.
«Жалынмен күреске барлығы 25 адам жұмылдырылды. Төтенше жағдай орнында арнайы штаб құрылды. Штаб мүшелерінің мәліметі бойынша, 2 гектарға жуық алқаптағы жыңғыл, тораңғыл, жиде ағаштарына залал келген. Өрт салдарынан адам шығыны болған жоқ. Сондай-ақ, сол маңдағы тұрғын үйлерге зиян келген жоқ. Қазіргі таңда оның шығу себебі мен шығыны анықталуда», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінен.
Мәлім етілгендей, тілсіз жаудың таралуы сағат 21.10-да тоқтатылып, 21.56-да толығымен ауыздықталды.
Айта кетейік, Қызылорда облысында жыл басынан бері далалық жерде 23 өрт оқиғасы болды. Салдарынан 91 гектарға жуық алқап жарамсыз күйге түсті.