Kyzylorda-news.kz. Биыл Қызылорда облысында 92 есірткі қылмысы анықталды. Оның ішінде есірткіні аса ірі мөлшерде сақтаудың – 5, есірткі сатудың – 19, есірткі өсірудің – 13 дерегі тіркелген. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық полиция департаментінің есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Ардақ Дүненов мәлімдеді.

«Есірткі қылмыстарын тергеп-тексеру барысында 20 кг-нан астам марихуана заты тәркіленді. Осыған байланысты 1 маусымнан 31 қазанға дейін республика көлемінде «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде. Шара барысында қалалар мен ауылдардағы бау-бақшалар, шаруа қожалықтарының аумақтары және облыстың барлық жерлерінде мониторинг арқылы тексерілуде. Сонымен қатар, нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай мамыр айының 26-нан маусым айының 26-ы аралығында бір айлық профилактикалық шаралар ұйымдастырылуда. Қазіргі таңда 55-тен астам акция мен сайыс өткізілді», – деді Ардақ Дүненов.

2021 жылы облыстық психикалық денсаулық орталығына қарасты наркологиялық стационарда 1300-ге жуық азамат емделіп шықты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша есірткіге тәуелді 698 адам есепте тұрса, оның 7-і әйел.

«Қазіргі таңда наркологиялық стационарда 190 орындық 6 емдеу бөлімі науқастарға медициналық көмек көрсетеді. Бүгінде аймақ бойынша 708 азамат нашақор диагнозымен есепте тұр. Оның ішінде әйел саны – 6. Айта кету керек, орталықтың наркологиялық стационарына қарасты «Ақылы бөлім» қызмет жасайды. Мұнда ем алушылардың жеке мәліметтері құпия түрде сақталып, маскүнемдік пен есірткіге тәуелділігі бар кез келген адам емделе алады», – деді облыстық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Аман Тұрсынов.

Тағы да оқыңыз: