Kyzylorda-news.kz. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен жүргізіліп жатқан рейд барысында «Шымкент-Самара» тас жолының 1550/716 шақырымында жылдамдықты асырып жол ережесін бұзған «ВАЗ 2115» автокөлігі тоқтатылды.
Тексеру барысында автокөліктің жүк салғышынан үлкен қораптан және 2 дана жол сөмкеден ірі мөлшерде ерекше иісі бар шөп алынды. Сараптама қорытындысы бойынша ерекше иісі бар зат 15 келіден аса «кептірілген марихуана» екендігі анықталған.
Оқиға орнында күдікті 37 жастағы Атырау қаласының тұрғыны ұсталды.
“Бүгінгі күні ол Қармақшы ауданы Полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігімен (Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы анықталуда”, – делінген полиция департаментінің хабарламасында.