Қызылордада адам қағып өлтірген көлік жүргізушісі сотталды – Kyzylorda News
Басты бет

Қызылордада адам қағып өлтірген көлік жүргізушісі сотталды

25.11.2019, 15:20

486 0

Kyzylorda-news.kz. Қызылордада түн ішінде адам қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жергілікті тұрғынға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш оқиға биылғы жылдың 29 маусымында түнгі сағат 04.00 шамасында болған. Қызылорда қаласында тұратын азамат «Lada Granta» маркалы автокөлігімен облыс орталығындағы Тәуелсіздік даңғылы мен Ш.Есенов көшесінің қиылысында жаяу жүргіншілер өткелінен өтпекші болған 19 жастағы жолаушыны қағып кеткен. Содан соң қағып кеткен адамға көмек көрсетпестен оқиға орнынан кетіп қалған.

«Соның салдарынан А.Теңізбай мидың ауыр жабық жарақатын алып, оқиға орнында қайтыс болған. Аталған дерек бойынша көлік жүргізушісі үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігімен және 347-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Онда көлiк құралдарын басқаратын адамның жол жүрісі қағидаларын бұзуы арқылы абайсызда адам өліміне әкеп соққан әрекет және жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу жағдайы көрсетілген. Сол бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, іс сотқа жолданған.

Қызылорда қаласының №2 соты үкімімен кінәсі толығымен дәлелденіп, жүргізуші кінәлі деп танылды. Сот үкімімен ол 5 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан және 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Қазіргі таңда аталған сот үкімі заңды күшіне енді. Сотталушы жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде өтеуде», – деп мәлім етті Қызылорда қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Мөлдір Жансүгірова.

0

Пікір қалдыру