Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында 5346 адам наркологиялық есепте тұр. Олардың 690-ы нашақор. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Балжан Шәменованың төрағалығымен өткен ведомствоаралық штаб отырысында қаралды.

Қызылорда облысы сора өсіруге қолайлы аймақ болғандықтан, өңірде есірткіге елітіп, оған тәуелді болғандар қатары азаймай отыр. Оған себеп, аймақта есірткі егушілердің көптігі әсер етуде. Мәселен, 2018 жылы 75 есірткі алқабы анықталған. Ал 2019 жылы 67, өткен жылы 71 есірткі алқабы табылды.

Биыл жыл басынан бері есірткіге қатысты 54 қылмыстық іс тіркелді. Есірткіге қарсы құзырлы органдардың жан-жақты іс-әрекеті нашақорлықтың жолын түбегейлі кесуге мүмкіндігі болмай отыр.  

«Қазіргі таңда қылмыстық жауапкершіліктің ауыртпалығына және атқарылып жатқан тиісті шараларға қарамастан есірткі алқаптарын егу толастамай отыр. Қызылорда облысының климаты жоғары сапалы марихуана егуге қолайлы болып табылады. Соның салдарынан біздің өңірден алынған есірткі құралдары республиканың басқа да аумақтарынан және ТМД елдеріндегі есірткі тұтынушыларының жоғарғы сұранысына ие болып отыр», – дейді ОПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыс басқармасының бастығы Азамат Сүлейменов.

Қазіргі таңда нашақорлардың басым бөлігі облыс орталығының тұрғындары болып отыр. Ең өкініштісі олардың қатарында нәзікжандар да бар.

Жиын барысында Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов аймақта гашишқұмарлық бойынша өткен жылы 449 адам есепке алынғанын айтты. Ал жыл басынан бері 4 ай ішінде 148 адам тіркелген.

Штаб отырысының соңында облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова сала басшылыраны абұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Тағы да оқыңыз: