Kyzylorda-news.kz. Биыл аймақта 40 ауылдық округтің әкімін ауыл тұрғындары өздері сайлайды. Ал сайлау үстіміздегі жылдың 25 шілдесінде карантин талаптарын сақтай отырып өткізіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Баймырзаев мәлімдеді.

«Қазіргі таңда өзін-өзі ұсынған 41 кандидаттың 19-ы мемлекеттік қызмет заңнамасымен қойылған біліктілік талаптарға сәйкестігі анықталды. Кандидаттардың 2-і әйел болса, қалған 39-ы ер адам. Ең жас кандидат 28 жаста. Саяси партиялардан кандидаттар әзірге ұсынылған жоқ»,-деді Ғалым Қонақбайұлы.

«Сайлау науқанының мерзімі 30 күнді құрайды. Мұнан өзге, сайлаудан кейін үш күн ішінде қорытындысы шығарылып, жарияланады. Жеті күн ішінде аумақтық комиссия сайланған әкімді тіркеп, кейін ол өз өкілеттігін бастайды. Өкілеттік мерзімі – 4 жыл болады»,-деді облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Болат Накипов.

Айта кетейік, аумақтық комиссияның күнтізбелік жоспары бойынша кандидаттарды ұсыну 9 шілдеде сағат 18:00-де, ал тіркеу 14 шілдеде сағат 18:00-де аяқталады.

Тағы да оқыңыз: