Қызылордада 26 кәсіпорын Vision Zero нөлдік жарақаттану тұжырымдамасына қосылды – Kyzylorda News
Басты бет

Қызылордада 26 кәсіпорын Vision Zero нөлдік жарақаттану тұжырымдамасына қосылды

29.04.2021, 10:20

191 0

Kyzylorda-news.kz. Қызылорданың 26 кәсіпорыны Vision Zero нөлдік жарақаттану тұжырымдамасына қосылып, жазатайым оқиғалар мен еңбек жағдайларындағы зиянды жұмыс орындарының санын қысқарту бойынша міндеттемелерді өзіне алды. Сондай-ақ, 5 кәсіпорын «Халықтық бақылау» жобасына қосылды.

«Еңбекті қорғау мәселесі ғасырлар бойы көтеріліп келеді. Алайда зауыттарда авариялар әлі де бар, ал құрылыста жазатайым оқиғалар жиі орын алады. Айтпағым, мұндай дүниеге селқос қарауға болмайды. Әрбір мекеме жұмысшыларын жазатайым оқиғалардан сақтандыруға міндетті. Өтемақылар тергеп-тексеру актісіне сәйкес сақтандыру қорынан төленеді. Одан бөлек, кәсіпорындардағы еңбек, ұжымдық шарттарда материалдық көмек көлемдері бекітілуі мүмкін. Ол әр кәсіпорында әртүрлі деңгейде», – деді «Қызылорда облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Серік Сермағамбетов.

Соңғы 2 жылда орын алған жазатайым оқиғалардан зардап шеккен жұмыскерлердің 85 пайызы кәсіпкерлік саласына тиесілі. Басты себеп жұмыс берушілер тарапынан мамандардың лауазымдық міндеттерінде көзделмеген жұмыстарға тартылуы болып отыр.

«Бүгінде Жол картасы аясында мемлекеттік еңбек инспекторларымен жазатайым оқиғаларды арнайы тергеп-тексеру барысында 13 кәсіпорында 300-ге жуық жұмыскерлермен ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Соның нәтижесінде қазір өңір бойынша 980 ұйымда өндірістік кеңестер құрылды», – деді облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы Төреахмет Жолымбетов.

0

Пікір қалдыру