Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» иегерлерін және барша түлектерді онлайн құттықтады.

«Түлектеріміздің жоғары нәтижеге қол жеткізіп, үздіктер сапынан көрінуінде уақытпен санаспай қызмет жасаған мектеп басшылары мен ұстаздарымыздың еңбегі айрықша. Ұстаздарымыз осы жолда қаншама тер төкті. Сондықтан, мен осы кездесуді пайдалана отырып барша ұстаздар қауымына алғысымды білдіремін. Біздің және ұстаздар мен ата-аналардың арманы – ұл-қыздарымыздың азамат атанып, қаламызға ғана емес, Тәуелсіз Қазақстанға абыройлы еңбек еткенін көру. Ал, жас түлектердің арманы – қалаған жоғары оқу орындарына түсіп, мектептен алған білімдерін жалғастыру. Сіздердің армандарыңыздың орындалуы үшін бірінші кезекте білім жолында тынымсыз талпыныс, үздіксіз ізденіс қажет деп есептеймін. Бұл – біздің бүгінгідей жаңалығы желмен жарысқан заманның басты талабы. Осыны естен шығармағайсыздар. Қолдарыңызға тиген аттестаттарыңыз құтты болсын. Алдағы сынақтан жақсы нәтижеге қол жеткізіңіздер» – деген қала әкімі «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» иегерлеріне қалаған жоғары оқу орындарына түсіп, кәсіби мамандық иесі атанып, еліміздің дамуы жолында еңбек етуде баршаның сенімін білдіре отырып, түлектерге ақ жол тіледі.

Жалпы, үлкен құрметке ие болған түлектердің бұл кездесуде қуаныштарында шек болмады. Мұнан әрі, №3 мектеп-гимназиясының “Алтын белгі” иегері Анель Мұханбет және ата-ана Болат Қожанбаев ақ тілектерін жеткізді.

Айта кетейік, қала бойынша 50 мектептен барлығы 1881 оқушы 11 сыныпты бітірді. Оның ішінде 154 оқушы «Алтын белгі», 114 оқушы «Үздік аттестат» иегері.

Барлық түлектердің ішінен Ұлттық Бірыңғай тестілеуге қатысуға 1716 оқушы өтініш білдірген. ҰБТ маусым айының 20-сы мен шілде айының 5-і күндері аралығында өтеді. Мектеп бітірушілер Қорқыт Ата атындағы Мемлекеттік университетінің №5 ғимараты және «Мұрагер» мектебінде орналасқан тестілеу пунктінде тест тапсырады.

Бітіру кештері әр мектептің ауласында оқушылар арасындағы алшақтықты сақтап, сынып-жиынтықтарының бір мезгілдік санымен әр сынып кестеге сәйкес жеке өткізілді.

Тағы да оқыңыз: