Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қалалық оқушылар сарайында қала әкімінің бүлдіршіндерге арналған Жаңа жылдық мерекелік шарасы өтті. Ғажайып мереке биылғы жылы «Сиқырлы Жаңа жыл» тақырыбында ұйымдастырылып, оқушылар сарайы бүлдіршіндер үшін жаңалық пен жұмбаққа толы таңғажайып ертегілер мекеніне айналды.

Жаңа жылдық мерекелік шараға ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы отбасының балалары, мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер және білім, өнер, спортта жетістіктерге қол жеткізген талантты да дарынды оқушылардан барлығы 100 бала қатысты.

Ертеңгілік оқушылар сарайының өнерпаздары әзірлеген ән мен бимен сүйемелденіп, «Малефисента» атты заманауы балалар ертегісіндегі кейіпкерлердің бірі Малефисента, Аврора және сиқырлы перизаттар Қызылорда қаласының сиқырлы әлеміне саяхат жасап, ақылды қаланың жетістіктеріне тамсанып, қаланың өзіне тән ерекшеліктерін бейнелеген көрініс тамашалады.

Ал, балғын балалар Жаңа жылдық шараның басты кейіпкерлері Аяз ата мен Ақшақарды өз өнерлерімен тамсандырды.

Шарада балаларға жаңа жылдық тарту ретінде түрлі сыйлықтар табысталып, қала әкімі балаларға арнайы әзірленген жаңа жылдық тортты үлестірді.

Шара соңында, барлық қатысушы бүлдіршіндер мерекелік дастарқаннан дәм татты.

Тағы да оқыңыз: