Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасының қалаларында гастрольдік сапармен жүрген Ресей мемлекетінің зообағы ағымдағы жылдың 14 ақпаны күні Қызылорда қаласына келгендігі анықталды. Гастрольмен жүрген зообақ қызметкерлері ешқандай тиісті мемлекеттік мекемелерге ескертпеген. Тек жеке кәсіпкер, «Торғай» сауда үйінің иесімен келісімге келіп, ғимараттың жертөлесіндегі бір бөлмеге зообағын орналастырған.
Осыған орай, өңір жұртшылығы мен еріктілер зообақтағы аң-құсқа қажетті жағдайдың жасалмағанына алаңдап, дабыл қаққан еді. Еліміздің барлық аймағындағы жануарлар жанашырлары да бұл зообақтың жабылуын қалаған. Қызылордалықтар да жылжымалы зообақтың жағдайын көріп, өңірден шығарылуын талап етті. Себебі, онда ветеринар, зоотехник мамандары мүлдем болмаған. Аң-құстың талапқа сай қоректенуі былай тұрсын, олардың торда жүріп-тұруына да жағдай жасалмаған. Іші лас, ылғал, қараңғы. «Торғай» сауда үйінің жертөлесінде орналасқан зообақ тіптен келушілерге де қолайсыздлық тудырған. Ал, мұндағы жануарлардың жағдайы күн санап ауырлай түскен.
Аталған оқиғаға байланысты Қызылорда қаласы Полиция басқармасының көші-қон қызметі бөлімі Ресей мемлекетінен келген зообақты тексеріп, заң аясында тиісті шаралар қабылдады.
– Осы жылдың 14 ақпаны күні Қызылорда қаласының тұрғындары және еріктілер Қызылорда қаласы Әбуов көшесіндегі «Торғай» сауда үйінің жертөлесінде экзотикалық жануарларды ұстап, оларды көрмеге қоюына байланысты өздерінің пікірлерін білдірген болатын. Осы ретте қала әкімінің орынбасары Бектас Нұриденов, қалалық кәсіпкерлік бөлімі, тұтынушылар құқығын қорғау және тауарларды бақылау басқармасы, ветеринариялық станция және қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері аталған орынға барып, зерттеулер жүргізді. Иесіне зообақтың жұмысы заң шеңберінде дұрыс еместігі түсіндірілді. Қалалық полиция басқармасының тарапынан Ресей Федерациясының азаматына еліміздің Көші-қон заңын бұзуына байланысты тиісті хаттама толтырылып, әкімшілік шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Қазіргі таңда зообақтың жұмысы толық тоқтатылды, – дейді Қызылорда қалалық өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Алмасбек Есмаханов.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясының мамандары барып, тиісті құжаттарының, атап айтқанда, ветеринариялық сертификат болуына бақылау, қадағалау жұмыстарын жүргізіп, ветеринария саласының заңдылықтарына сәйкес екендігін нақтылаған.
Ал, Қызылорда облысының ветеринария басқармасының қалалық ветеринариялық станциясының мамандары хайуанаттарға клиникалық тексеру жұмыстарын жүргізіп, ешқандай ауру белгілері жоқ екендігін анықтады.
Үстіміздегі жылдың 17 ақпан күні зообақ Қызылорда облысының ветеринария басқармасының қалалық ветеринариялық станциясының ветеринариялық анықтамасымен Орал қаласына жөнетілген.