Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес қаланы аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында арық жүйелерін тазалау жұмыстары, насос қондырғыларын қайта орналастыру жұмыстары қарқын алған.
Қала аумағының орталығындағы арық жүйелері 20 сәуірден бастап Жібек жолы және Сарқырама магистралды каналы арқылы аяқ сумен қамтамасыз етілді.
Сырдария өзенінде су деңгейінің күрт төмендеуіне байланысты қаланы аяқ сумен қамтамасыз етуші насос қондырғыларын қайта орналастыру жұмыстары жүргізілді. Яғни, қондырғылар бастапқы орнынан ауыстырылып, қосымша насос қондырғылары жалғанды. Мәселен, Қорқыт ата монументі жанындағы және Тәуелсіздік даңғылының бойында орналасқан насостық құрылғылар қайта орналастырып іске қосылды. Бұдан бөлек, Сыр Ана монументінің жанынандағы насос құрылғысын да қайта орналастыру жұмыстары жүргізілді.
Дәл осы насос құрылғыларының көмегімен аяқ судың арналарға, арық жүйелеріне түгел жетуі қамтамасыз етілуде.
Сонымен қатар, арық жүйелерінің жеке сектордағы тұрғын үйлердің бойынан өтуі өз кезегінде тұрғындардың аяқ су жүретін арналарға түрлі тұрмыстық қатты қалдықтарды тастауына әкелген. Соның салдары арық жүйелерінің көмілуіне, толықтай аяқ су жүруіне кедергі келтіруде. Дегенмен, қазіргі таңда сала мамандарымен арық жүйелерін тазалау жұмыстары жүргізілуде және бұл жұмыстар қала орталығынан тыс аумақтарда да жалғасын таппақ.
Айта кету керек, арық жүйелерін тазалау жұмыстары тек бір ғана жауапты мекеменің міндеті ғана емес, қаламыздың жасыл желекке айналуына бей-жай қарамайтын әр тұрғынның міндетіне айналуы қажет. Осы орайда, қала тұрғындарын тазалық жұмыстарына қолдау көрсетуге, әр тұрғынды өз үйінің айналасындағы арық жүйелерін қоқыстан тазарту жұмыстарына жұмылуға шақырамыз.
Жалпы, қала бойынша ұзындығы 54,6 шақырым арық жүйелері мен 31,3 шақырым болатын 20 канал бар. Каналдар бойына қаланы аяқ сумен қамтуға арналған 13 насос қондырғылары орнатылса, қосымша жасыл желектерді суаруға арналған арнайы 11 дана жер асты ұңғымалары жұмыс істейді.