Kyzylorda-news.kz. Тәуелсіздікпен тұспа – тұс дүниеге келген азаматтар ел игілігі үшін қызмет етуде. Арман мақсаттарына жету үшін көңіл қалауымен мамандық бойынша өз таңдауларын жасады.
Отанға адал қызмет атқарудың қаншалықты абыройлы міндет екенін ұғынған олар бүгінгі күні тынымсыз еңбек етуде.
Қызылорда қалалық полиция басқармасында ел үшін еңбек етем деген Тәуелсіздіктің 37 құрдасы қызметін абыроймен орындауда.
Солардың бірі – Бекмухамбет Әбдрасуллаев. Қызылорда қалалық полиция басқармасының Ақсай полиция бөлімінің тергеу тобының тергеушісі полиция капитаны. Қызылорда мемлекеттік университеті жанындағы «Қабілет» гимназиясын бітірген соң заңгер болуды мақсат еткен ол осы университетке «Құқықтану» мамандығы бойынша оқуға түсті. Тәуелсіз еліміздің келешегі үшін қызмет етуді мақсат еткендіктен болар мұнда да үздіктер қатарында болды, 2011-2013 жылдары Президенттік стипендия иегері атанды.
«Мен елімізде тәуелсіздік таңы атқанда өмірге келіппін. Алайда, алдыңғы буынның осы күн үшін жүргізген күресі мені де ерлікке, ел үшін қызмет етуге жігерлендіреді. Бұл менің мамандық таңдауыма да ықпал етті. Еліміздің тыныштығы, әрбір азаматтың құқығының қорғалуы, қызмет етуі, өмір сүруі, тіпті тыныш ұйықтауы үшін, сәбилердің шат күлкісі үшін қыруар еңбек жасалатынына, көп тер төгілетініне, тіпті қажет болған жағдайда біздің сала қызметкерлерінің өз өмірлерін құрбан ететініне де куә болудамын. Аға буын төккен тер, олардың ерлігі, еңбегі – бізге өнеге. Олардың мақсат, мұраты бізге аманат, ерлігі, еңбегі – тағылым деп білемін. Біздің қатарларымыз – тәуелсіздік құрдастары ағалар аманатын, ел жүктеген міндеттерді абыроймен орындайды деп білемін» дейді капитан Бекмухамбет.