Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысындағы 293 мектепке кешенді мониторинг жұмыстары жүргізілді. Мониторинг барысында білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базалары, санитарлық тораптардың жәй-күйі, бейнебақылаумен қамтамасыз етілуі, оқу кабинеттерінің жарақтандырылуы, балалардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптардың сақталуы зерделенді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қызылорда облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының міндетін атқарушы Айгүл Мырзағалиева хабарлады.

Мониторинг барысында медициналық қызметпен барлық мектеп қамтылғандығы анықталды. 261 мектеп типтік, 32 мектеп бейімделген ғимаратта орналасқан. Негізгі және орта білім беретін 293 мектепте компьютер сыныптары бар. Облыс аумағындағы мектептің 92,4 пайызы талапқа сәйкес спорт залдармен қамтамасыз етілген.

«Қазіргі таңда барлық білім беру ұйымдарында Ұлттық білім беру деректер қоры жұмыс жасайды. Ондағы деректер мен енгізілген ақпараттың дұрыстығы, дәйектілігі мен нақтылығы өте маңызды. Алайда, мониторинг барысында бірқатар мектептердің Ұлттық білім беру деректер қорына енгізілген мәліметтері сәйкес емес екендігі анықталды. Атап айтқанда, қателіктер «Тіркеу мәліметтері», «Материалдық-техникалық қор», «Білім беру үдерісі туралы негізгі мәліметтер», «Білім беру объектісі туралы негізгі мәліметтер», «Контингент» және «Қызметкерлер» бөлімдерінде орын алған. Қазіргі таңда барлық кемшіліктер жөнделіп, сәйкестендірілді», – деді Айгүл Мырзағалиева.

Барлық мектеп сумен, жылы әжетханамен қамтамасыз етілген. 264 мектепте су жүйесі орталықтандырылған болса, 10 мектепте су скважина арқылы қамтамасыз етіледі, ал 19 мектепте су тасымалданады. 51 мектеп орталықтанған кәріз жүйесіне қосылған болса, 242 мектептің кәріз жүйесі септик арқылы жүзеге асырылады.

Мектертер бейнебақылау жүйесімен толық қамтылған. Сондай-ақ, алдағы уақытта облыстағы 293 мектепті мамандандырылған күзетпен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүргізілуі тиіс.

Тағы да оқыңыз: