Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысында барлық бағыттағы республикалық маңызы бар жолдар ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін қарлы боран және көктайғаққа байланысты Ақтөбе және Жезқазған бағытындағы трассада көлік құралдарының қозғалысына 3 тәулікке шектеу қойылған болатын. Қызылордалық полицейлер табиғаттың тосын мінезі салдарынан жолда қалған 1400-дей көліктің 3 мыңдай жүргізушісі мен жолаушысына көмек көрсетіп, сервистік кешендерге орналастырды. 336 әйел мен 13 балаға ерекше жағдай жасалды. Зардап шеккендер мен жедел жәрдем шақыртулары тіркелген жоқ. Тәртіп сақшылары автокөлік иелері мен мүлкінің қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Жол патрульдік полиция инспекторлары жүргізушілер тарапынан ескертпеге бағынбай, сапарын жалғастыруға ұмтылғандар көп болғанын айтады.

«Жол тайғақ болды. Жүк көлігім жеңіл көлікпен сәл жанасып, жолдан шығып кеттім. 6-7 сағаттай тұрып қалдық. Негізі Ақтөбеге жүк тасымалдауға шыққанмын. Полицейлер мен жергілікті әкімдік тарапынан барлық жағдай жасалды», – дейді жолаушы Иван Денисов.

«Жолды жапқан уақытта жолаушылар қатарынан қарсылық танытқандар болды. «Біз өтейік, қауіпсіздігімізге өзіміз жауап береміз» деген секілді түрлі наразылық келтіргендер бар. Дегенмен Ақтөбедегі әріптестеріміздің түсірген бейнелерін әлеуметтік желі арқылы ұялы телефонмен көрсетіп, қандай қиын жағдай болып жатқанын, жолда қалған автокөліктерді көрсету арқылы сендірттік. Сосын басылды олар», – дейді жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Азамат Оспанов.

Тағы да оқыңыз: