Kyzylorda-news.kz. Бүгін Шардарадан секундына 350 м³ су облыс шекарасына жіберілді. Яғни Сырдария өзенінің төменгі ағысына 10 шілде күні келеді. Ал Көксарайдан 150 м³/сек су жіберіліп, барлығы 500 м³/сек құрайды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов мәлімдеді.

«Облыс шекарасына Көктөбе су бекеті арқылы секундына 540 текше метр су келуде. Бұған қоса, Қазалы су торабына дейін каналдармен алынып жатқан су көлемі секундына 88,64 текше метр құрайды. Аймаққа келетін суды есептеп, жоспарын жасадық. Бүгінде егіске суды жіберу үшін кесте бойынша жұмыс істеудеміз»,-деді Сейілбек Серғазыұлы.

«Облыс бойынша каналдармен алынатын су көлемі 432,83 м3/сек құрап, 31,95 м3/сек кем алынуда. Су тапшылығы жағдайында мүмкіндігінше суды үнемді, шығынсыз пайдалану мақсатында әрбір аудандағы канал бойында суды реттеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде шаруа қожалықтары өз қаражаты есебінен насос арқылы каналдар мен коллекторлардан су алуда» ,-деді «ҚАЗСУШАР» РМК Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров.

Тағы да оқыңыз: