Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Ахмет Сырдария ауданына іссапармен келіп, аудандық аураханада болды.

Қазіргі жағдайға байланысты атқарылып жатқан жұмыстарды аудандық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Ә.Іскендірова таныстырды.

Бүгінде инфекциямен нақтыланған науқастарды қабылдауға жұқпалы аурулар бөлімшесінен 30 төсек орны, провизорлық стационардан 40 төсек орны және қабылдау бөлімінен 9 фильтр төсек орны жұмыс жасауда. Жұқпалы індетпен күресте ауданда медицина қызметкерлері аянбай еңбек етуде. Ал науқастарға қажетті оттегілік балон жеткілікті және керекті медициналық препараттар қоры жасақталған. Ауданда өкпені жасанды желдететін 2 аппарат бар. Осы ретте, бас дәрігердің міндетін атқарушы аталған аппарат жетіспеушілігі бар екенін атап, оған қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасына сұраныс берілгенін жеткізді.

Облыс әкімінің орынбасары аймақта індетпен күресте кешенді шаралар жасалып жатқанына тоқталды.

“Қазіргі жағдай күрделі. Облыста қауіпті кесел жұқтырғандар саны тоқтар емес. Сондықтан жағдайды қалыпты ұстау үшін тиісті шаралар қабылдануда. Аудандардағы ауруханаларды медициналық құралдармен қамтамасыз ету үшін жан-жақты қолдау көрсетілуде. Кәсіпкерлер мен еріктілер де жанашырлық танытуда. Осы орайда тынымсыз еңбек етіп жатқан медицина қызметкерлерінің еңбегі орасан зор. Олар өздерінің жеке бастарын қауіпке тігіп, науқастарға ем-дом жасап жүр. Сондықтан медицина қызметкерлеріне алғысымыз шексіз”, – деді облыс әкімінің орынбасары Серік Әбжәлелұлы.

Ауданға сапары барысында Серік Ахмет Тереңөзек кентіндегі «Lab Servicе company» ЖШС (бұрынғы «Ансар») дәріханасына барды.

Мұнда дәріхана меңгерушісімен және фармацевт маманмен тілдесіп, қалыптасқан жағдайда дәрі-дәрмек қорының жасақталуын сұрады. «Lab Servicе company» ЖШС дәріханасы аудан тұрғындарына тәулік бойы қызмет көрсетеді. Мұнда қазіргі кезеңде көп сұралатын “Азитромицин”, “Цефтриаксон”, “Дексаметазон”, “Амоксициллин”, “Аспирин”, “Кагоцел” секілді дәрілер мен керекті дәрілердің орнын ауыстыратын антибиотиктер бар.

Дәріханада фармацевт Н.Мясцов бүгінде дәрі іздеген тұрғындар азайғанын жеткізді. Қажетті деген дәрілер, медициналық құралдар, антибиотиктер сатылымда екенін және тұрақты жеткізіліп тұрғанын атап көрсетті.

Тағы да оқыңыз: