Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қазалы ауданы әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменовтың қатысуымен мәжіліс өтті. Басқосуға облыстық басқарма басшылары мен коммуналдық мекеме және серіктестік директоры қатысты.

Мәжілісте алғашқы болып облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тілеумбетов сөз алып, аудандағы жол жөндеу мәселелері туралы айтып берді.

“Қазалы ауданында жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Биыл 3 млрд 11 млн теңгенің 35 жобасы қолға алынған. Жыл аяғына дейін жұмыстар толық аяқталады деп отырмыз. Сол уақытта аудандық маңыздағы жолдардың сапасы 82 пайызға жетеді, – деді басқарма басшысы Мұрат Тілеумбетов.

Мұнан соң Қазалы ауданындағы құрылыс жұмыстары туралы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бердияр Пірімбетов, ауыз су және электр желісімен қамту, газдандыру жұмыстары жайында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов қысқаша айтып берді. Басқарма басшылары өздерінің салаларына қатысты жұмыстардың барлығы кестеге сәйкес жүріп жатқандығын тілге тиек етті.

Кездесуге қатысқан коммуналдық шаруашылық басшылары мен серіктестік директорлары өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, шұғыл шешімі табу қажет ұсыныстарын жеткізді.

Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов Қазалыда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, айтылған мәселелердің барлығы назарда болатынын жеткізді. Сондай-ақ, басқарма басшыларына күн тәртібінде қаралған мәселелер мен айтылған ұсыныс-пікірлерді жіті қадағалауды тапсырды.

Кездесуде Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев ауданға қатысты әрбір жобаға қатысты ұсыныстарды тыңдап, оған қолдау көрсеткен облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменовке алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

Тағы да оқыңыз: