Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық музейі жаңа әшекей бұйымдармен толықты.

Халықаралық Орталық Азиялық зерттеулер институты және Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті арасындағы меморандум негізінде биыл ортағасырлық Сығанақ қаласына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлер Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейіне өтті.

Оқу орнының ғылыми қызметкері Қ.Арынов облыстық музейдің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу бөлімі қызметкерлерімен қазба жаңалықтарымен бөлісіп, жәдігерлер тарихы жайлы толық мәлімет берді.

Ортағасырлық Сығанақ қаласы биыл археологтарды алтын олжалармен қуантты. Музей қоры інжу тасы бар алтын сырғалармен, асыл тастар орнатылған алтын тұмармен, өрнектелген алтын түймелермен және інжу моншақтармен толықты.

Сонымен қатар, өрнегі Өзбекстанның археологиялық сәулет өнерінен кем түспейтін өсімдіктектес ою-өрнектермен безендірілген күрделі терракоталар, үшбұрышты және бесбұрышты өрнектелген тақтайшалар, мозайка фрагменттері музей қызметкерлерінің қызығушылығын тудыруда. Алтын Орданың орталығы болған Сығанақ қаласынан табылған артефактілер алдағы уақытта зерттеліп, ғылыми айналымға шығатын болады.

Тағы да оқыңыз: