Kyzylorda-news.kz. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Инвестициялық штаб отырысы өтті, деп хабарлайды Үкіметтің ресми сайты.

Отырыста инвестициялар тарту бойынша 2021 жылы нысаналы индикаторлардың орындалу қорытындысы және 2022 жылға арналған жоспарлар қаралды. 2021 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 13,2 трлн теңгені құрады, бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 7,3%-ға артық. Инвестициялар өсімінің негізгі локомотивтері экономиканың шикізаттық емес секторлары болды. Мәселен, инвестициялардың нақты көлем индекстері өңдеу өнеркәсібінде 1,4 есе, құрылыста 1,2 есе, ауыл шаруашылығында 1,3 есе өсті.

Өңдеу өнеркәсібінде өсімінің неғұрлым жоғары көрсеткіштеріне металлургияда (+27%), тоқыма өндірісінде (+28%), фармацевтикада (+39%), химия өнеркәсібінде (+55%), минералдық өнімдерде (+100%) қол жеткізілді.

Республика бойынша негізгі капиталға инвестициялар тарту бойынша жылдық жоспар 94%-ға орындалды.

Нысаналы көрсеткіштер Шымкент қаласында (115,5%), Ақтөбе (101,8%) және Қостанай (101,3%) облыстарында асыра орындалды. Қарағанды облысында (99,9%), Алматы қаласында (99,8%), Атырау (99,1%), Жамбыл (97,4%), Павлодар (96,2%) облыстарында, Нұр-Сұлтан қаласында (96,1%) сәл артта қалушылық бар. Шығыс Қазақстан (92,1%) және Маңғыстау (90,8%), Алматы (89,7%), Ақмола (89,4%), Түркістан (82,5%), Солтүстік Қазақстан (80,4%) облыстарында жоспар орындалмаған. Ең төменгі көрсеткіштер Батыс Қазақстан (69,6%) және Қызылорда (66,4%) облыстарында тіркелді.

Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша аталған екі өңір әкімдерінің орынбасарлары тәртіптік жауапкершілікке тартылатын болады. 2021 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ҚР экономикасына тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 49%-ға артып, $18,7 млрд құрады. Қазақстан экономикасына іс жүзінде барлық негізгі инвестор елдер бойынша капитал ағынының өсуі байқалады. Топ-10 инвестор мемлекеттің қатарына Нидерланды, АҚШ, Швейцария, ҚХР, Ресей, Ұлыбритания, Бельгия, Түркия, Оңтүстік Корея және Франция кірді.

«Көш соңында қалған өңірлер белгіленген KPI қатаң сақтау қажеттігіне назар аударуы тиіс. Нысаналы индикаторларға қол жеткізбегені үшін әкімдерге дербес жауапкершілік жүктеледі. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту бойынша жұмысты жүйелі түрде жалғастырсын», — деді Ә. Смайылов.

Тағы да оқыңыз: