Kyzylorda-news.kz. Қызылорда гарнизоны әскери бөлімінде техникалар мен қару жарақтарды қысқы пайдалану кезеңіне ауыстыру бойынша жұмыстар аяқталды.

Аталған шара жеке құрамға қауіпсіздік шараларының ережелері, қызмет көрсетудің тәртібі мен қысқы кезеңде техникаларды пайдалану ерекшеліктерін түсіндірумен басталды. Жоспар бойынша әскери қызметшілермен техникалық жұмыстар басталар алдында әдістемелік- нұсқаулық сабақтары өткізілді.

«Әрбір техника ақаусыз, кез келген ауа-райына дайын болуы керек. Қарулы Күштеріміздегі жоспарға сай өтетін қысқы кезеңге ауыстыру жұмыстарының маңдыздылығы өте зор. Себебі, жұмыс барысында техникалар толықтай тексеріліп, анықталған ақау қалпына келтіріледі. Әскери техникаларды жақсы жағдайда ұстау әрбір әскери қызметшінің міндеті деп білемін», – дейді әскери бөлім командирінің материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары, подполковник Рахымжан Ануаров.

Ауа мен отын сүзгілерін, техникалық бұйымдарды, жанар-жағар майдың жазғы сортын қысқы түріне ауыстыру шаралары кезінде негізгі жүк механик-жүргізушілер мен механиктердің, барлық командирлердің және техникалық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасарларға түседі.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының техникалық қамтамасыз ету басқармасының офицері, майор Қайрат Турушев бөлім жеке құрамының осы уақыт аралығында атқарылған техникалар мен қару жарақтарды қысқы мезгілде пайдалану кезеңіне ауыстыру жұмыстарының жоғары әрі сапалы дәрежеде атқарылғанын айтты.

Тағы да оқыңыз: