Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында кәсіпкерлерге арналған «Ashyq» жобасына 66 кәсіпкерлік субьектісі қосылды. Яғни, жүйені орнатқан кинотеатр, фитнес-клуб, спа-орталығы, сауна, бассейн, компьютерлік клуб пен боулинг орталықтары карантин кезіндеде жұмыс істей алады.

«Ashyq» – қоғамдық орындарға келушілерді тіркеу қосымшасы. Келушілер QR кодты сканерлеп, әкімшіге көрсетеді. Код тұрғынның статусын анықтайды. Келушілерге статус ПТР зерттеулерінің бірыңғай интеграциялық порталы және Денсаулық министрлігі жанындағы covid-19 бақылау орталығының ақпараттық жүйелерін салыстыру негізінде тағайындалады. Тиісінше 4 түс негізінде бағдарлама арнайы шешім қабылдайды. Мәселен “Қызыл” түс – үйде оқшаулану режимін білдірсе, “Сары” түсте тек дәріхана мен дүкенге рұқсат етіледі. Ал “Көк” пен “Жасыл” түстегі статус иелеріне қоғамдық орындарда емін-еркін жүріп тұруына болады, – деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ұлбосын Аханаева.

«Ashyq» жобасы бойынша жұмыс жасайтын кәсіпкерлік субъектісі келушілердің мәртебесін QR-код немесе ЖСН бойынша тексереді. «Жасыл» мәртебе – келуші деректер базасында COVID-19-ға теріс нәтижемен ПТР-тестілеуден өткен немесе екі компонентпен вакцинацияланған адам ретінде белгіленген, «көк» мәртебе – ПТР тестілеу нәтижесі жоқ, COVID-19-бен ауыратын науқаспен байланыста болмаған адам, «сары» мәртебе – деректер базасында COVID-19-бен ауыратын науқаспен байланыста болған адам ретінде көрсетілген, «қызыл» мәртебе – базада COVID-19-ға ПТР-тестілеудің оң нәтижесімен тіркелген, «ауру жұқтырған» – U 07.2 коды мәртебесі бар пациенттер.

«Ashyq» жобасындағы статусты үйден шықпай-ақ ashyq.kz сайтынан тексеруге болады. Статусты тексеру үшін қосымшаны жүктеп алу қажет. Осы ретте сайтта орналасқан QR бейтарап болады, яғни код ешқандай бизнес нысанына жатпайды. Республика көлемінде орта есеппен тәулігіне 3 мыңнан астам азамат осы сервисті пайдалануда. Интернет, wi-fi-ға байланысты техникалық ақаулар шыққанда бизнес субъетісі жұмыс істеуін тоқтатпайды. Техникалық кедергілер туындаған кезде нысанға «күзетші режимін» қосып, келушінің деректерін қолмен тексереді, – облыстық кәсіпкерлік палатасы директорының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов.

Тағы да оқыңыз: