Kyzylorda-news.kz. Төтенше жағдай кезінде аймақта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының өсуіне жол бермеу мақсатында бірқатар нақты шаралар атқарылуда.

Облыста алдағы үш айға қажетті қор қалыптастыру үшін азық-түлік өнімдерінің 18 түрі бойынша тұрақтандыру қорына 4299 тонна өнім сатып алуға облыстық бюджеттен арнайы қаржы бөлінді.
Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында 609 тонна ұн, 214 тонна күріш, 144,6 тонна қант, 101 тонна макарон, 490,5 тонна картоп, 200 тонна сәбіз, 91 тонна пияз, 27 тонна қырыққабат, 47 тонна өсімдік майы, 63 тонна гречка, 2 тонна тұз барлығы 1983 тонна өнім бар.
Бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлері халыққа нарықтан төмен бағада сатылуда. Қызылорда қаласында өнімдер негізінен әлеуметтік дүкендер арқылы сатылса, аудандарға 2 рефрижатор көліктері арқылы тасымалдануда.
Сонымен қатар, 1 сортты ұн бағасын тұрақтандыру және сәйкесінше әлеуметтік нанның бағасын қымбаттатпау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі, Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы, Астық өңдеушілер одағы және Қызылорда облысы әкімдігі арасында сәуір-тамыз айларында ай сайын әр килорамы 130 теңгеден2475 тонна 1 сортты ұндыоблысқа жеткізу туралы меморандумға қол қойылды.
Мұнымен қоса, Қызылорда және Түркістан облыстары әкімдері арасында, Түркістан облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен тікелей ерте пісетін көкөніс өнімдерінің 17 түрін сатып алуды ұйымдастыру және кедергісіз көрші облысқа кіріп-шығуды қамтамасыз ету туралы меморандумға қол қойылған.
Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде экономиканы тұрақтандыру мақсатында Сауда және интеграция, Ауылшаруашылығы мен Ұлттық экономика министрліктерінің біріккен бұйрығымен әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 9 түрінебағалардың өсуіне жол бермеу мақсатында шекті бөлшек сауда бағалары бекітілді.
Атап айтсақ, 1 сортты ұн-154 теңге, 1 сортты нан-139 теңге, рожки-197 теңге, гречка-294 теңге, күріш-251 теңге, сиыр еті-1760 теңге, жұмыртқа 1 категориялық-286 теңге, өсімдік майы-414 теңге, тұз-47 теңге болып бекітілген.
Осыған орай, қазіргі уақытта аудандар мен Қызылорда қаласында бекітілген шекті бағалардың сауда субъектілерімен сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын тиісті құрылымдық бөлімдер белгіленді.
Жалпы, бақылау шараларымен 3874 сауда субъектілері қамтылатын болады.

Тағы да оқыңыз: