Kyzylorda-news.kz. Биыл зейнетақы, жәрдемақы, өзге де әлеуметтік төлемдердің мөлшері өзгерді. Яғни, жасына байланысты зейнетақы төлемдері жеті пайызға, ал жәрдемақының мөлшері 5 пайызға өсті.
Облыстағы 236,900 адамға зейнетақы және жәрдемақы тағайындалды. Оның ішінде, жасына байланысты зейнетке шыққаны 75, 515, ал мүгедектігіне байланысты 22,708 адам. Сондай-ақ, 9 мыңнан астам азамат арнаулы жәрдемақы алады. Бұған қоса, аймақтағы 28 мыңға жуық көпбалалы отбасыға жәрдемақы беріледі.
“Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақының ең төменгі мөлшері – 42 500 теңге, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 18 524 теңге, зейнетақының ең төменгі мөлшері – 43 272 теңге болды. Ал жәрдемақыларды және өзге де әлеуметтік төлемдерді есептеу ҚР заңнамасына сәйкес айыппұл санкцияларын, салықтарды және басқа да төлемдерді қолдану үшін айлық есептік көрсеткіш – 2917 теңге мөлшерінде белгіленді. Ал ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасы – 34 302 теңге болып бекітілді”, – деді облыс бойынша еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті басшысының орынбасары Лиман Боранбаева.