Kyzylorda-news.kz. Биыл облыс бойынша конго-қырым геморрагиялық қызбасының қоздырғышы ретінде 116 елді мекен анықталды. Осыған байланысты 11 сәуірден Жаңақорған және Шиелі аудандарында залалсыздандыру жұмыстары басталады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Әлиев хабарлады.
«Облыс көлемінде 11 сәуір мен 30 мамыр аралығында конго-қырым геморрагиялық қызбасы ауруының табиғи ошақтарында залалсыздардыру жұмыстары жүргізіледі. Өңірдегі 116 елді мекеннің 600 мыңнан астам мал басы және 33 156 қора, суат пен шаңдақтарға «креолин х» ерітіндісі қолданылатын болады. Қазіргі таңда дайындық жұмыстары жүргізілуде», – деді Бағдат Әлиев.
Эпидемиолог мамандардың айтуынша биыл қыс мезгілі жылы болғандықтан кене шағу фактілері өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артқан. Көктемгі эпидмаусымның басталуына орай аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық шаралар белсенді жүргізілуде.
«Былтыр облыс бойынша 113 елді мекен қолайсыз аймақтар қатарында болса, биыл бұл көрсеткіш 116-ны құрады. Энтомолог мамандардан құрылған 3 арнайы жұмысшы топ 239 елді мекенде зоологиялық барлау жұмыстарын жүргізуде. Жұмыс барысында 833 сынама зерттеліп, нәтижесінде жануарлардан және далалық жерлерден жиналған кенелердің 24 сынамасынан «оң» нәтиже анықталды. Осы себепті қора және аула тазалығын қатаң сақтау керек. Қолайсыз елді мекендерде жүрізілген өңдеу жұмыстары барысында жануарлар мен қора, аулалардың толық дәріленуіне үй иелері тарапынан қатаң бақылау қажеттігін еске саламыз. Қазіргі таңда медициналық мекемелерде конго-қырым геморрагиялық қызбасына шалдыққан науқастарды емдеу үшін арнайы препараттар қоры жасақталды»,- деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.
Аталған аурумен көбінесе адамдардың белгілі бір кәсіби тобы ауырады. Яғни малшылар, егіншілер, фермерлер және табиғат аясында демалушылар көп шалдығады. Бұл ауру кене шағу барысында, ауру кененің қаны арқылы тікелей жұғу қаупі өте жоғары.
«Он төрт күн ішінде науқаста ауру пайда болуы мүмкін. Ал белгілеріне тоқталып өтсем, адамда дене қызуы қатты көтеріледі, бас айналу және қан кету жағдайлары болады. Сондықтан көктемгі эпидмаусымда барынша сақтық шараларын қатаң сақтауымыз керек», – деді облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Мира Алмаханова.

