Kyzylorda-news.kz. Ұлттық және мемлекеттік жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысы 2021 жылдың қыркүйегінен бастап өседі, деп хабарлады ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

Енді оқытушылар ай сайын кемінде 200 мың теңге жалақы алады. Аға оқытушының еңбекақысы кемінде 230 мың теңге, қауымдастырылған профессор – 260 мың теңге, профессор – 350 мың теңге (ұлттық жоғары оқу орындарында 400 мың теңге) алуға тиіс.

Штаттағы оқытушыларға минималды жалақы мөлшерін белгілеу туралы тиісті бұйрыққа білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қол қойды.

Осылайша оқытушылардың жалақысы өсті, олардың оқу жүктемесі керісінше төмендетіледі. Бір ставканың максималды көлемі бір оқу жылында 680 сағаттан аспайды деп бекітілді. Бұл оқытушылардың ғылыми қызметпен айналысуына мүмкіндік беру үшін жасалып жатыр.

“Жоспарлы түрде оқытушылар үшін жайлы жағдай жасап, педагогтердің мәртебесі мен еңбекақысын арттырып жатырмыз. ЖОО оқытушыларының жалақысы да жоғарылайды. Осылайша жоғары оқу орындары тарапынан сапалы жұмысты, ал оқытушылардан оқу процесіне жауапкершілікпен қарауды талап етеміз”, – деді білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Айтуынша, енді әр университет жалақыдан бөлек басқа да ынталандыру төлемдерін белгілеп, оқытушылардың белгілі бір жетістігі үшін қосымша ақы төлей алады.

Тағы да оқыңыз: