Kyzylorda-news.kz. Халқымыздың мақтан тұтар аяулы қыздарының бірі – Сыр өңірінің мақтанышы, қармақшылық күріш өсіруші-диқан Сәлима Жұмабекованың есімі республика жұртшылығына түгел танымал. Социалистік Еңбек Ері, Батыр Ана, өз заманында үлкен мәртебе саналатын Кеңес Социалистік Республикалар Одағының Халық депутаты болған қайраткер анамыздың өміржолы ұлтымызға өнеге, жас ұрпақ өкілдеріне тағылым мен тәрбие.

Осы ретте осындай ерен еңбек иелері-аға ұрпақтың еңбек дәстүрін жастардың санасына жеткізіп, оларды аянбай еңбек етуге тәрбиелеудің мәні өте зор. Еліміздің бастан кешкен тарихына зер салсақ,алдыңғы өткен аға буынның еңбек жолында қалыптасқан ізгі дәстүрлері халқымыздың жалпы ұлттық мұрасы, мақтанышы екеніне көз жеткіземіз. Себебі еңбек – өмір өзегі, бақыт кілті. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген ұлы Абайдың ұлағатты сөзі құнын ешқашан жойған емес, жоймайды да. Біздің еліміздің алға қойып отырған мақсаттарының бірі – қоғамымыздың рухани жаңғыруына қол жеткізудің бір бағыты осындай адал еңбек етудің адам үшін, қоғам үшін, ел үшін алатын орнын дәріптеу, жастардың санасына сіңіру, іспен үлгі болу.Сондықтан жастарды еңбекке баулу арқылы аға ұрпақтың еңбек дәстүрлерінің лайықты ізбасарларын тәрбиелеп, жаңа буын тұлғаларды қалыптастыруға атсалысатынымыз анық. Өнегелі іс – өміршең келеді, ол қоғамның дамуымен үндесіп жатады. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған конференцияның жастарды еңбексүйгіштікке, өз мамандығы бойынша шеберлікке үйретуге, олардың бойында игі қасиеттерді қалыптастыруға, ерік-жігерлі болып, білім мен ғылымды игеруге, халқымыздың өнері мен мәдениетін дамытып, ата салтын, ата дәстүрін алға апаратын ұрпақ тәрбиелеуге зор пайдасы тиері сөзсіз.Бала тәрбиесінің ең үлкені – оны еңбекке баулу. Осы орайда қазақтың белгілі жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың «Еңбекшіл жас қана ең үздік азамат болып қалыптасады» деген мағыналы сөзін біз де құптаймыз.

Сәлима Жұмабекқызы 1935 жылы Қармақшы ауданына карасты Дауылкөл ауылдық Кеңесінде дүниеге келген. Ол өзінің еңбек жолын 1952 жылы Қармақшы ауданындағы Ленин атындағы кеңшарда жұмысшы болудан бастаған.

Сәлима апай 1962 жылға дейін құрылысшы болып істеп, бұл кәсіпті шебер меңгеріп, сылақшылық, тас қалаушылық өнерінің қыр-сырын игерген кәнігі маман болып қалыптасады.

Бірде шаруашылық басшылары егіс көлемінің ұлғаюына байланысты диқаншылар құрамын жастармен толықтыру үшін Сәлима апайды күріш өсіруге баруын өтініп сұрайды. «Сіздер, басшылар, солай ұйғарсаңыздар мен қарсы болмаймын» – деп,келісімін беріп, Сәлима Жұмабекова диқаншылықты, күрішшілік кәсіпті меңгеруге батыл қадам жасайды. Бұл 1963 жылдың көктемі болатын. Сөйтіп, өзі күріш еккен екі-үш жыл ішінде Сәлима апай жақсы көрсеткіштерге жетіп, диқаншылық шеберлігін шыңдай түседі. Оның бұл кәсіптегі үлгі тұтып, ақыл-кеңесіне сүйенген, күрішті баптап өсірудің қыр-сырына үйреткенақылшы-ұстазы – тәжірибелі диқан Шәймерден Шегебаев болды.

Еліміздің ырысына айналған Сыр күрішін, Сырдың ақмаржанын өсіруге жан-тәнімен ден қойған Сәлима апай өзі күріш еккен 1963-1966 жылдары әр гектардан 40 центнердің үстінде өнім жинайды. Бұл сол кездегі тегістелмеген және инженерлік жүйеге келтірілмеген жерден алынып жүрген жоғарғы көрсеткіштердің бірі еді.

Сәлима апай қайраты мен жігері ұштасқан, еңбектен жан рахатын тапқан, оны ұйымдастыра білетін қарым-қабілеті мол жан болғанын, өндіріске жаңа ғана араласқан жастарға қамқоршы болып, еңбекке баулып, білгенін үйретуден жалықпаған тәлімгер бола білгенін, сол арқылы ауылдастары тарапынан әрдайым ризашылық пен құрметке бөленген сыйлы тұлға болғанын Сәлима Жұмабекқызының өмір жолы туралы жазылған шығармалардан жақсы білеміз.

Ауылдастары жас келіншектің бойында еңбекті қалай беріле атқарса, соншалықты ұйымдастырушылық қабілеті, адам жанын түсініп, тіл табыса білетін қасиеті бар екендігін жақсы танып біледі.

1967 жылы Дауылкөл ауылдық Кеңесінің төрағасы болып сайланып, жергілікті кеңестің депутаты ретінде де шаруашылық, қоғамдық жұмыстардың қызу ортасында жүріп, ауыл мәдениетін көтеруге, көркейтуге мол үлес қосты, өзіне тән жігерімен қай қызметте де белсенділік танытты.

Сәлима апай ауылдық Кеңесте бес жыл қызмет атқарады. Дегенмен, жастайынан еңбек адамдарының арасында өскендіктен, өзін кеңседе отырғаннан гөрі әрдайым егіс даласының басында, жайқалған күріштік арасында, қызу еңбеккерлер ортасында, қызыл қырман басындаеңбек көрігін қыздырып жүргенін көз алдына елестетіп, ойынан шығармағанын аңғарамыз.

Сондықтан да, Сәлима апай тағы да күрішшілік кәсіпті мұрат тұтады. 1973 жылы Ленин атындағы совхоздың күріш өсірушілер звеносын басқаруға тілек білдіріп, өзі таңдаған диханшылықтың еңбек жолын қайта жалғастырады. Звенодағы жұмысын оңтайлы ұйымдастырып, күріштің өнімділігін арттырады.

Өздеріңізге белгілі, Қызылорда облысы еліміздің ең ірі күріш өндіруші өлкесі, бірақ табиғаты қатал осындай жағдайда жұмыс істеу қайбір азаматқа да жеңіл болмасы белгілі. Ал күрішші Сәлима апай жаздыкүні 40-450С-тан асқан ыстықта күріш алқабындағы маса, сона, шыбын-шіркейлердің ішінде күндіз-түні жүріп еңбек етіп, өзінің төзімділігімен жанқиярлық еңбекқорлығының арқасында еңбектің ең жоғарғы нәтижесіне жетті. Күріштен рекордтық өнім жинады.

Сәлима апайдың еңбектегі, өмірдегі жеке ерлігі ел есінде аңызға айналып, звеносының күріш егудегі тәжірибесі, жоғары өнім көрсеткіштері, ұсыныстары, адамгершілік ізгі істері Сыр өңірінің еңбеккерлеріне, әсіресе жастарға үлгі, өнеге болып, ел игілігіне айналды.

Өнегелі істердің шебері, ең озат күріш звеносының жетекшісі, Батыр-Ана Сәлима Жұмабекова 1979 жылы Кеңес Социалистік Республикалар Одағының Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланады. Адал еңбегінің арқасында Батыр-Ана ел сеніміне лайықты ие болады. Депутаттық кызметінде мемлекеттік, қоғамдық тұрғыдан әрбір сөзі орынды, қандай мәселеде де өз пікірі, өз көзқарасы, өз ұстанымы бар халық қалаулысы ретінде өзін таныта білді.

Депутаттық міндеттің, ел сенімінің жауапкершілігін сезіне білумен қатар, туған өлкенің перзенті, азаматы ретінде міндеттерін орындау үшін Сәлима Жұмабекова кісілік істерімен, ел тағдыры туралы айтқан ұсыныс-пікірлерімен, сындарлы ойларымен елді еріксіз таңдандырған, аты аңызға айналған асыл-ана, қазақ әйелдерінің көрнекті де, парасатты өкілі.

Еңбектің де, тұрмыстың да бар қиындығымен қатар, тағдырдың да ауыр азабын ерлікпен көтере білген,Батыр-ана Сәлима апай барлықаналық махабатын, бар күш-жігерін ұрпақтарының бақытты өмір сүруіне арнап, сол жолда ерінбей еңбек етуге жұмсады. Ауыр жұмыста жүріп, бес қызды, бес ұлды қатарынан қалдырмай, жақсы тәрбиелеп өсірді. Жүрегінің жылуын, көңілінің бар арманын, қолынан келген бар қамқорлығын, адал еңбегінің нәтижесін балаларына арнады, бес ұлын ұяға, бес қызын қияға қондырған ардақты да асыл Ана болды.Сәлима апайдың бейнесі арқылы өрлік, төзімділік пен шыдамдылық, адалдық пен тазалық, даналық пен кеңпейілдік, еңбеққорлық, қарапайымдылықпен өрілген қайсар қазақ әйелінің жарқын келбетін танимыз. Тағдырдың талқысына жасымады, жүнжімеді.Қайратына қайрат, жігеріне жігер қосып, қиындыққа өршелене қарсы тұрып, кеудесін тік көтеріп, сындарлы шақтарда езілмей, егілмей, өзін де, өзгелерді де үлгілі істерімен жани түскен Батыр анаға қалай тәнті болмасқа, қалай риза болмасқа!?Сәлима апайдың болмысына қарап, «Міне біздің қазақ аналары, міне біздің еңбеккер қазақ әйелдері! деп, тебірене де, тамсана да айтуымыз әбден орынды!Парасатты әйелдің бар қасиетін бойына жинаған, намысты ту қылып ұстағанана, отбасының ғана емес, елінің де мерейін тасытты, абыройын асқақтатты. Отбасының да, ортасының да берекелі бірлігін еңбектен тапты, еңбекпен көрсетті.

Адал еңбек, өнегелі өмір тәжірибесі оны биік абыройға, мәртебелізор атаққа жеткізді. Еңбектегі ерен жетістіктері үшін бесжылдықтың қорытындысы бойынша Сәлима Жұмабековаға 1980 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

Сәлима Жұмабекованың бүкіл өмір жолы Қызылорда облысының өсіп-өркендеуімен, оның әлеуметтік-экономикалық дамуымен тікелей байланысты.Оның бар ғұмыры Сыр өңірінің тарихындағы ауыр кезеңдермен де қатар жүрді. Сыр өзенінің суы азайып, Арал теңізінің тартылуына байланысты қалыптасқан экологиялық ауыр жағдайда Сәлима апайдың сындарлы ұсыныстарының нәтижесінде республика басшыларының көз-қарастарында көп өзгерткені облыс жұртшылығының есінде, жақсы біледі.

Биыл еліміз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтеді. Осы айтулы шараның аясында Сәлима апамыздай аңыз адамның өмір жолын, еңбек жолын кейінгілерге үлгі етіп, еңбектің қадір-қасиетін дәріптеудің, еңбек арқылы құрметке бөленген өнегелі өмір иелерін ұлықтаудың маңызы зор. Мұны «Әлемнің билеушісі – еңбек!» деген қанатты сөздің мән-маңызын жаңарған әлемде жастар жадына құя берудің зор мүмкіндігі деуге болады. Он балалы отбасының тыныс-тіршілігі өз алдына, аптап ыстық пен аңызақ желдің өтінде жүріп, шаң-тозаңы бұрқыраған дала төсінде күріш егіп, одан мол өнім жинаған еңбеккер Ана бейнесіндәл қазір біздің қоғамға саф алтындай жарқырата көрсету қажет-ақ. Қазақта қайсар қыздар аз болған жоқ! Біз Мәншүк, Әлия, Хиуаз апаларымыздың ерлігін жақсы білеміз. Роза Бағланова апамыздың да Мәскеу трибунасында Арал тағдыры туралы қасқая тұрып, қаймықпай айтқан сөзін де интернет бетінен көріп, естіп жүрміз. Сол сияқты Сәлима апамыздың да аналық, еңбеккерлік ерлігі, даналық қасиеттерін қалай дәріптесек те лайықты деп ойлаймын. Осындай аналарымыздың өмірін арқау еткен көркемфильм шығып жатса, сахналық шығарма – спектакль қойылып жатса қандай ғанибет! Ұрпағымызға жақсы үлгі етуге тұратын қажетті де лайықты іс орындалып жатса, бұлбіздің рухани  жаңғыруымызға қосылған зор үлес болар еді.

Ана қашанда ақ тілегін ұрпағынан, елінен аямайтыны анық, сол үшін де ананың тұғыры биік, шұғыласы шуақты! Сәлима апа бір естелігінде  аналық мейірбан жүрегімен: «Аллаға мың қайта шүкіршілік етеміз. Қиын күндерден кейін жарқын заман туды. Ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Дініміз де оралды, діліміз де тазаруда. Ендігі арманымыз келешек ұрпақ бейбіт өмір аясында бақытты ғұмыр кешуі. Иманды болып, отанын, отбасын шексіз сүйіп, құрметтеуі. Біздіңше барлық Аналардың тілеуі осы!»   деп тілеген екен.

Ақ тілегіңіз қабыл болсын, асыл Ана! Сіздің кеңпейіл, аппақ көңіліңізден шыққан ізгі тілектеріңіз ұрпақтарыңызға шарапатын төгіп, қолдап-қорғап жүрсін. Сіз бізге биіктен қарап, жақсымызға жадырап, жаманымызға тұнжырап тұрғандай көрінесіз. Біз де Сіздің аналық кең құшағыңызды, мейірім төккен жүзіңізді, нұрлы бейнеңізді әрдайым есте сақтаймыз. Еліңізге, халқыңызға тілеген тілектеріңіз қабыл болып, Сіз де пейіштің төрінде жүргейсіз деп тілейміз.

Бисенов Қылышбай Алдабергенұлы,

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Тағы да оқыңыз: