Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» атты салтанатты жиын өтті.

Шараға белгілі қоғам қайраткерлері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылары қатысты. 

Қазіргі таңда еліміз білім беру саласы бойынша инновациялық дамуға бейімделген, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандарды дайындаудың ұлттық моделін қалыптастыру кезеңінде. Мемлекет басшысы әр Жолдауында білім саласын халықтың тұрмыс сапасын арттырудың маңызды бөлігі ретінде қарастырып, басымдық береді. Бұл ретте жоо жауапкершілігін күшейтіп, ғылыми-инновациялық бағыттың үлесін арттыру көзделіп келеді.

Мерекелік шарада Абайбек Жүнісов еліміздің 30 жылда қол жеткізген табыстары мен тәуелсіздіктің ел дамуындағы мән-маңызын айтты. Сондай-ақ, жиынға қатысушыларды мерекемен құттықтап, білім ордасының жетістіктеріне тоқталды.

«Егемендік алған жылдар ішінде университет көптеген сала бойынша кәсіби білікті маман даярлап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына үлкен үлес қосты. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессор-оқытушылары білім мен ғылым саласында ауқымды жетістіктерге қол жеткізіп, саланың жандануына орасан еңбек сіңірді. Алдағы уақытта егемен еліміздің игілігі үшін атқарып жүрген қызметтеріңізге толағай табыс тілеймін! Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі мерекесі құтты болсын», – деді ректордың міндетін атқарушы Абайбек Жүнісов.

Шара марапаттау рәсімімен жалғасып, оқу орнының бірқатар қызметкерлері марапат төрінен көрінді. Атап айтсақ, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің Құрмет грамотасына Ғылыми кітапхананың директоры Сатбаева Гүлмира мен «Инжирингтік технологиялар және экология» кафедрасының профессор-зерттеушісі Нұрбол Аппазов лайық деп танылды. Қазақтан Республикасы жоо қауымдастығының шешімімен «Ахмет Байтұрсынов» атындағы орденімен «Биология, география және химия» кафедрасының профессоры Анипа Тапалова, «Ахмет Байтұрсынов» атындағы алтын медалімен «Сәндік қолданбалы және бейнелеу өнері» кафедрасының меңгерушісі Жұлдыз Смаилова, «Ахмет Байтұрсынов» атындағы күміс медалімен «Информатика және ақпараттық–коммуникациялық технологиялар» кафедрасының меңгерушісі Сәрсен Тілеубай марапатталды.

Екі мәрте социалистік Еңбек Ері, күрішші Ыбырай Жақаевтың 130 жылдық мерейтойлық медалі «Аграрлық технологиялар» кафедрасының профессоры Ибадулла Таутенов пен «Су шаруашылығы және жерге орналастыру» кафедрасының профессоры Серікбай Өмірзақовқа берілді.

Ал Құжаттармен қамтамасыз ету және архив бөлімінің архивариусы Нұржамал Күдербаева мен «Қазақ тілі әдебиеті және журналистика» кафедрасының аға оқытушысы Гүлмира Бекмағанбетова «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы атынан алғыс хатпен марапатталды.

Сонымен қатар, жоғары білікті мамандар даярлауға еңбек сіңіріп, өз саласының кәсіби шебері саналатын университеттің стратегиялық дамуына қосқан 70 қызметкерге Қызылорда облысы әкімінің алғыс хаты мен Басқарма Төрағасы-ректордың арнайы марапаттары табысталып, құрмет көрсетілді. Салтанатты шара патриоттық рухтағы мерекелік концертпен қорытындыланды.

Тағы да оқыңыз: