Kyzylorda-news.kz. Қазақстанда дүнген ұлтынан 40-қа жуық сарбаз әскери борышын өтеп жатыр. Бұл туралы қорғаныс министрлігі хабарлады.

Бұған дейін мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл Facebook-те «бірде-бір дүнген қазақ әскерінің қатарында қызмет етпейді» деп жазған болатын.

«Әлеуметтік желілерде тараған дүнгендердің әскери қызметтен бас тартатыны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазақстанда дүнген ұлтынан 40-қа жуық сарбаз мерзімді әскери қызметін атқарып жатыр. Жалпы 2019 жылы 30 мыңнан астам сарбаз шақырылды, оның ішінде қазақтар, орыстар, татарлар, немістер, украиндар, ұйғырлар, өзбектер және басқа ұлт өкілдері бар», – деп хабарлады қорғаныс министрлігі.

«Әскерге шақырылушыларды іріктеу кезінде олардың ұлты емес, тән саулығы, психологиялық және моральдық орнықтылығы, жеке қасиеттері басты өлшем ретінде қарастырылады», – деп атап өтті ведомство.

Тағы да оқыңыз: