Kyzylorda-news.kz. Қоғамдық бiрлестiктердiң құқықтық жағдайының ерекшелiктерi “Қоғамдық бiрлестiктер туралы” Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.

Қазақстан Республикасында республикалық, аймақтық және жергілікті қоғамдық бірлестіктер құрылып, жұмыс істеуі мүмкін.

Қазақстан Республикасы облыстарының жартысынан астамының аумағында өздерінің құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) бар бірлестіктер республикалық қоғамдық бірлестіктерге жатады.

Қазақстан Республикасы облыстарының жартысынан азының аумағында өздерінің құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) бар бірлестіктер аймақтық қоғамдық бірлестіктерге жатады.

Жергілікті қоғамдық бірлестіктерге Қазақстан Республикасының бір облысы шегінде жұмыс істейтін бірлестіктер жатады.

Республикалық және аймақтық қоғамдық бірлестіктер өз мәртебесін растау үшін тіркелген күннен бастап бір жыл өткенге дейін осы бірлестікті тіркеген органға құрылымдық бөлімшелерінің (филиалдары мен өкілдіктерінің) аумақтық әділет органдарында есептік тіркеуден өткенін растайтын құжаттардың көшірмелерін табыс етуге міндетті.

Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн ортақ мақсаттарға жету үшiн азаматтардың ерiктi бiрiгуi нәтижесiнде құрылған ұйым, егер заңдарда өзгеше белгіленбесе қоғамдық бiрлестiк болып табылады.

Қоғамдық бірлестіктер азаматтардың саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтары мен бостандықтарын іске асыру мен қорғау, белсенділігі мен ынталылығын дамыту; кәсіби және әуесқойлық мүдделерін қанағаттандыру, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылығын дамыту, адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау, қоршаған табиғи ортаны қорғау; қайырымдылыққа қатысу; мәдени-ағарту, спорт-сауықтыру жұмыстарын жүргізу; тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау; патриоттық, құқықтық және адамгершілік тәрбие беру; халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және нығайту; Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де қызметті жүзеге асыру мақсаттарында құрылып, жұмыс істейді.

Экстремистік мақсаттарды көздейтін қоғамдық бірлестіктерді құруға және олардың қызметіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген әскерилендірілген құралымдарды құруға тыйым салынады.

Қоғамдық бірлестіктер заң алдында тең. Қоғамдық бірлестіктер қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен өзге де заң актілері шеңберінде жүзеге асырады.

Республикалық және өңірлік мәртебесі бар қоғамдық және діни бірлестіктерді, оның ішінде саяси партияларды мемлекеттік тіркеуді, шетелдік және халықаралық коммерциялық емес үкіметтік емес бірлестіктердің филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеуді Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) жүргізеді     

Ал, құрылған, қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді және филиалдар мен өкілдіктерді, жергілікті мәртебесі бар қоғамдық және діни бірлестіктерді, заңды тұлғалардың қорлары мен бірлестіктерін есептік тіркеуді, қоғамдық және діни бірлестіктердің филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеуді аумақтық әділет органдары жүзеге асырады.

Қоғамдық бірлестікті тіркеу үшін.

1. Заңды тұлғаны, филиалды (өкілдікті) мемлекеттік (есептік) тіркеу туралы өтініш;

2.Жарғы.

3.құрылтай съезінде (конференциясында, жиналысында) съездің (конференцияның, жиналыстың) төрағасы мен хатшысы қол қойған Жарғыны қабылдаған құрылтай съезінің (конференциясының, жиналысының) хаттамасы);

4.Тегі, Аты, Әкесінің аты( бар болса), ЖСН, тұрғылықты жері, үй және қызмет телефондары, жеке қолы көрсетілген қоғамдық бірлестіктің бастамашы-азаматтарының тізімі;

5.Қоғамдық бірлестіктің орналасқан жерін растайтын құжат;

6.Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу үшін бюджетке алым төленгенін растайтын түбіртек немесе өзге құжат ұсынылады.

Әділет органдары осы құжаттарды ұсынылғанан кейін берілген күннен кейінгі 5 жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.

Сонымен қатар, Әділет органының жауапты орындаушы: ұсынылған құжаттардың дұрыс толтырылуын (ресімдеуін) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкестігін тексереді; заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы, филиалды (өкілдікті) есептік тіркеу туралы бұйрықты ресімдейді, бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне мәліметтерді енгізеді, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы, бизнес–сәйкестендіру нөмірі берілген филиалды (өкілдікті) есептік тіркеу туралы анықтаманы ресімдейді, іс ресімделгеннен кейін (БСН берілгенін растайтын тиісті мөртабандар қойылғаннан кейін) құрылтай және басқа құжаттардың бір данасынан тұратын істі ресімдейді.

Ұсынылған құжаттар заңнамаға сәйкес келмеген жағдайда жауапты орындаушы бас тарту туралы дәлелді бұйрықты ресімдейді.

Еркін Тажикенов,

Қызылорда облысының Әділет департаментінің

Тіркеу қызметі саласындағы әдістемелік қамтамасыз

ету және бақылау бөлімінің басшысы

Тағы да оқыңыз: