Kyzylorda-news.kz. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының үшінші кезеңі аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған қатысуға 2 мыңға жуық үміткер ниет білдірген. Солардың ішінен 32-сі озық шығып, жеңімпаз атанды. Түрлі сала майталмандарының бәсін қыздырған бірегей жобаға көпшілік те қызығушылық білдіріп, қатысушыларға 700 мыңнан аса дауыс берілген.

Кәсіпкерлер, ұстаздар, дәрігерлер, спортшылар, мәдениет қызметкерлері. «100 жаңа есімнің» қатарынан осы аталған кәсіп иелерінің барлығын кездестіруге болады. Барлығы – өз ісінің кәнігі мамандары. Соның нәтижесінде ауыз толтырып айтарлық жетістікке жеткен. Бірі – кардиохирург Бауыржан Рақышев. Бүгінде ол Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығында еңбек етеді. Оның айтуынша, жетістікке жетудің ешқандай формуласы жоқ. Тек еліңе деген құрмет пен мамандығыңа деген сүйіспеншілік кез келген қиындықты жеңуге көмектеседі, дейді адам жанының арашашысы.

«Осы кезге дейін бірнеше жүздеген операция жасалды. Әрине, операциялардың сәтті өткеніне қуанамын. Кейде операция 4-5 сағат, кейде 20 сағатқа дейн болады. Ең басты мәселе, осы елдің көсегесін қалай көгертем деген түйсік болса, сол түйсіктің артынан жұмыс жасап, өзіңізді талпындыра білсеңіз, алға жылжысаңыз, басқаларға үлгі бола білсеңіз, бұл өмірге бос келіп, бос кетпегеніңіз», – дейді кардиохирург Бауыржан Рақышев.

«100 жаңа есімнің» қатарындағы нәзік жанды арудың бірі – Динара Шүкіжанова. Ол – еліміздегі машина құрастырумен айналысатын компанияның вице-президенті. Ынта-жігер болса, адамның қолынан келмейтін іс жоқ, деп санайды. Зауытта қарапайым маман болып еңбек жолын бастаған ол басшылық қызметке дейін өскен. Өз компаниясы жайында, жалпы машинақұрастыру жайында сағаттап айтуға бар. 

«Биылдың өзінде біздің компания 45 мыңнан астам машина құрастырды, мыңнан аса трактор мен комбайн, тағы мыңға тарта автобус шығарды. Мен Қазақстанда жасалған өз өнімдерімізді, тауарларымызды мақтан тұтамын. Ал өзімді машинақұрастыру саласының нағыз маманымын деп айта аламын. Әрине бас кезінде қиын болды. Қазір әйелдердің де осы салада табысты еңбек алатынын дәлелдедім», – дейді машинақұрастыру компаниясы президентінің орынбасары Динара Шүкіжанова.

Ал Шәкірім Сейсенбай – еліміздегі ең жас мектеп директоры. Жасы 28-де. Бүгінде елордадағы нөмірі 54-мектеп лицейін басқарады. Назарбаев университетін тәмамдаған соң білім мекемелерінде мұғалім, тәрбиеші болған. Ол білім сапасын арттыру арқылы елді әлемге танытуға болатындығын айтады. Сондай-ақ салаға ер-азаматтарды көптеп тарту керек, дейді.

«Директор болу, әрине оңай емес. Бірақ адам өзіне ұнаған мамандықты таңдаса, жеңіл болады. Ер адамдардың саны аздау. Сол себептен де ер адамдардың санын көбейтсек. Жалпы ұстаздардың мәртебесін арттырсақ деген ойым бар», – дейді №54 мектеп-лицейінің директоры Шәкәрім Сейсенбай.

Кәсіпкер Рүстем Ермекбай да – «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы. Өзбекстанда туып өскен ол Отанына келіп, өз ісін ашқан. Бүгінде жеңіл өнеркәсіп саласында тер төгіп жүр. Бұл жоба маған үлкен жауапкершілік жүктеді. Енді сол үдеден шығу үшін тынбай еңбектену керек, дейді.

«Қазақи нақыштағы киімдер тігеміз. 250 мыңнан аса киім өндірдік. 1200-ден аса 20 қалада серіктесіміз бар. Мен шетелде туып өскенмін. Әжемнің оюларын көріп өстім. Компания ашқанда, қалтамда 35 мың теңге болған. Қазір үлкен холдингке айналдық», – дейді кәсіпкер Рүстем Ермекбай.

«100 жаңа есім» жобасына енгендердің еңбек жолы көпке үлгі. Жобаның көздегені де осы. Яғни жетістікке жеткен жандардың өмірін өзгелерге үлгі ете отырып, ел дамуына үлес қосуға, еңбек етуге, бәсекеге қабілетті болуға шақырады. Әсіресе, жастарды жаңа биіктерге ұмтылуға жігерлендіреді.

Тағы да оқыңыз: