Қазақстанда соңғы аптада коронавирус жұқтыру көрсеткіші 4% өскен – Kyzylorda News
Басты бет

Қазақстанда соңғы аптада коронавирус жұқтыру көрсеткіші 4% өскен

22.06.2021, 12:00

398 0

Kyzylorda-news.kz. Қазақстан «сары аймақта» орналасқан. Бұл туралы ҚР денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мәлімдеді.

А.Цой хабарлағандай, әлемде КВИ-дің 179 млн-нан астам жағдайы тіркелген, тәулігіне 275 мыңнан астам жағдай тіркелуде. 3,8 млн-нан астам адам қайтыс болды, өлім көрсеткіші 2,1% құрады.

«Қазақстанда 22 маусымдағы жағдай бойынша КВИ+ нәтижесімен 410 523 науқас және КВИ- 56 546 жағдай тіркелген. Қазақстан Республикасы «сары аймақта» орналасқан. Нұр-Сұлтан қаласы әлі де «қызыл аймақта» тұр. Қалған өңірлер «сары» және «жасыл аймақтарда» орналасқан», – деді денсаулық сақтау министрі.

Соңғы аптада коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылықтың 4% өсуі байқалады және бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген жағдайлар санының 40% артуымен байланысты. Республика бойынша 22 маусымдағы жағдай бойынша инфекциялық төсек орындар 25%, реанимациялық төсек-орындар 21% толы. Аурудың жоғары деңгейі байқалған 7 өңірде инфекциялық және реанимациялық төсектердің жүктелуінің қысқаруы байқалады.

Соңғы айда КВИ+ және КВИ- тіркелген жағдайларының саны тәулік ішінде 2 267-ден 943 жағдайға дейін немесе 2,4 есеге азайды, стационарлық емдеудегі науқастардың саны 2 есеге, амбулаториялық емдеудегілер саны 1,4 есеге азайды.

«КВИ науқастарынан алынған оң зертханалық үлгілердің ПТР-скринингінің нәтижелері бойынша Нұр-Сұлтан қаласында «Дельта» штамына («үнді» штамына) тән мутация ықтималдығы анықталды. «Дельта» коронавирус штамы жоғары жұқпалы және анықталған штамдарға қарағанда 60% жұқпалырақ, 7 күнге дейін қысқа инкубациялық кезеңмен сипатталады. Соңғы зерттеулер көрсеткендей, «үнді» коронавирус штамы ауруханаға жатқызу және өлім жағдайларының жоғары ықтималдығымен байланысты. Сонымен қатар жаңа клиникалық белгілер пайда болды, буындар мен іштің қатты ауыруы, ішек көріністері, есту қабілетінің жоғалуы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша «Дельта штамы» SARS-CoV-2 әлемнің 74 елінде анықталды», – деп атап өтті А.Цой.  

«Үнді» штамына тән жұқпалығы, ауырлығы мен клиникасы бойынша қолда бар деректерді ескере отырып, өңірлер дәрілік заттардың, ӨЖЖ-жабдықтары үшін шығыс материалдарының, жеке қорғаныш құралдарының, резервтік төсек қорының жеткілікті қорын, сондай-ақ жедел жәрдем қызметі мен мобильді бригадалардың КВИ бар пациенттерге медициналық көмек көрсетуге дайындығын қамтамасыз ету қажет.

Сондай-ақ денсаулық сақтау министрі елімізде халықты вакцинациялау жалғасып жатқанын айтты. Вакцинаның шамамен 4,5 млн дозасы пайдаланылды, оның ішінде бірінші компонентті 2 809 449 адам алды, бұл вакцина алуға тиісті халықтың 28,4%-ін құрайды. Екінші компонентпен 1 715 750 адам қамтылды.

Бүгінгі таңда егу пункттерінде вакцина дозаларының жеткілікті қоры бар: бірінші компоненттің 1,1 млн дозасы және екінші компоненттің 1,4 млн дозасы бар. Кесте бойынша жеткізу жалғасуда. 1 компонентпен орташа республикалық көрсеткіштен төмен вакцинамен қамту Маңғыстау, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Ақмола, Қарағанды, Жамбыл, Алматы облыстарында байқалады.

«Республика аумағында үнді штамының белгіленген айналымын ескере отырып, өңірлерде тұрақты эпидахуалды сақтау үшін жергілікті атқарушы органдар вакциналау қарқынын ұлғайтып, халық арасында жедел вакцина алу қажеттілігі және негізгі алдын алу шараларын сақтау туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет: маска тағу режимі, әлеуметтік ақашықтықты сақтау керек», – деді министр А.Цой.

Хабар 24

0

Пікір қалдыру