Kyzylorda-news.kz. Былтырғы жылы Қазақстан халқының саны 245 мыңға артты. Яғни, өткен жылы халық саны 18 млн 877 мың адамға жетті, деп хабарлайды Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі.

2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ел халқының саны 18,877 млн адамды құраған, оның ішінде қалалық – 11,149 млн адам (59,1%), ауылдық – 7,727 млн адам (40,9%).

2020 жылғы 1 қаңтармен салыстырғанда халық саны 245 мың адамға немесе 1,3% – ға өскен. Аталған кезеңде ең үлкен жалпы өсім елдің үш өңірінде – Алматыда (60,2 мың адам), Нұр-Сұлтанда (48,5 мың адам) және Шымкентте (38 мың адам) байқалған.

Айта кетейік, Қазақстанда биыл халық санағы онлайн форматта 1 қыркүйектен басталатынын хабарлаған болатынбыз. Бұған дейін халық санағын 2021 жылдың 1 қазанынан 30 қазанына дейінгі аралықта өткізу жоспарланған еді.

Азаматтар қай жерде жүргеніне қарамастан, санаққа қатыса алады. Ол үшін сайтқа кіріп, өзі және отбасы үшін арнайы сауалнаманы толтырса жеткілікті.

Сондай-ақ, онлайн режимде санақтан өтпеген азаматтарды анықтау үшін үй-үйді аралап тіркеу өткізіледі.

Тағы да оқыңыз: