Kyzylorda-news.kz. «Ауыл» партиясының мүшелері «Бала нәсібі» атты жәрдемақы тағайындауды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ауыл» ХДПП орталық аппаратының жетекшісі Қуаныш Сейітжановтың айтуынша, Қазақстанда мұқтаж немесе мұқтаж емес деп бөлмей, балалардың бәріне бірдей жәрдемақы тағайындау керек.

«Халықтың аманат еткен сауалдарының бірі («Ел аманаты» сауалнамасы) – әлеуметтік салада, әр балаға жәрдемақы тағайындау туралы партия ұсынып отырған бастама. Демек, қоғамда бұл проблема бұрыннан бар. Партияның бұған дейінгі өткізген іс-шараларында бұл мәселе талқыланған. Әрине, қазіргі таңда ана мен баланы қолдау саласында әлеуметтік жәрдемақының неше түрі жоқ емес – бар. Белгілі бір деңгейде бұл жәрдемақының түрлері кейде бір-біріне қайшы келіп те жатады. Мәселен, бір ғана ана мен балаға арналған жәрдемақы 14 түрлі заңмен реттеледі екен. Бұл белгілі бір деңгейде халықты шатастырып жатыр», – деді Қуаныш Сейітжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Ауыл» партиясының баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, кейіннен тағайындалған атаулы әлеуметтік көмектің де қайшылықтары жоқ емес.

«Мәселен, Қазақстанда 776 мың адам атаулы әлеуметтік көмекті алса, соның 492 мыңы балаларға арналған атаулы әлеуметтік көмек екен. Біз неге баланы жас күнінен бірі әлеуметтік көмекке мұқтаж, екіншісі мұқтаж емес деп бөлуіміз керек? Бұл – идеологиялық мазмұн тұрғысынан да өте қате. Өйткені біз баланың жанын жасынан жаралаймыз. Мұны дана халқымыз «Әр баланың өз нәсібі болады» деп бірақ ауыз сөзбен айтқан. Біздің ұстанып отырған позициямыз – 18 жасқа дейінгі балаларды әлеуметтік көмекке мұқтаж немесе мұқтаж емес деп бөлмей, төлемақы тағайындау. Бұған еліміздің экономикалық мүмкіндіктері жеткілікті. Бұл ұсынысты көктен алған жоқпыз. Сараптаманың нәтижесінде ұсынылды. Әлеуметтік төлемге келер болсақ, Асан мен Үсеннің ертегісі еске түседі. Бала қашан да – бала. Ол – біздің болашағымыз», – деді ол.

«Ауыл» партиясының мүшелері бұл жәрдемақыны «Бала нәсібі» деп атауды ұсынып отыр.

Айта кетсек бүгінгі баспасөз мәслихатында «Ауыл» ХДПП төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рақымбеков «Ел аманаты» жалпыұлттық сауалнамасының нәтижесін жариялаған болатын.

Тағы да оқыңыз: