Kyzylorda-news.kz. Елімізде жыл сайын 2,5 мың адам бас және мойын қатерлі ісігіне шалдығады. Бұл Қазақстан онкологиялық және радиологиялық институының дерегі. Ал дәрігер тексеруінен өтпей, тіркелмеген науқастар бұдан да көп болуы мүмкін. Өзекті мәселе Түркістанда өткен онкологтар мен радиологтардың халықаралық съезінде талқыланды.

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов пен денсаулық сақтау министрі Алексей Цой онлайн режимде қатысқан жиынға оннан аса шет мемлекеттен бірқатар білікті дәрігер келді. Бұдан бөлек еліміздің әр аймағынан жүзден аса онколог дәрігерлер қатысып, қатерлі ісік ауруларын емдеуге қатысты өз тәжірибелерімен бөлісті. Мамандар қатерлі ісік ерте анықталса, соғұрлым тез жазылатынын айтады.

«Халықты уақытылы скринингтен өтуге шақырамыз, тұрғылықты емханаларында профилактикалық тексеруден жылына бір рет өтуге шақырамыз. Бұл ауруды қаншалықты ерте сатысында анықталатын болса, онда науқастың жазылып кету мүмкіншілігі 90 проценттен жоғарылайды», – дейді Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының бас онкологы Қарлығаш Омарова.

Екі күнге жалғасқан Қазақстанның онкологтары мен радиологтарының келелі басқосуында аурудың алдын алу мәселелері талқыланды. Себебі науқастардың басым көпшілігі кеселдің соңғы сатыларына жеткен кезде ғана дәрігер көмегіне жүгінетінін айтады. Ал аурудың үшінші және төртінші деңгейдегі сатысында ісікті жеңу өте қиын екенін алға тартады.

«Қандай симптомдары болады, қалай диагностика жасау керек. Ең бірінші мәселе, ол адамдарға жеткізу. Қалай өз-өздерін тексеру дейді. Сол мәселемен біз жиналып отырмыз. Осы проблемаларды көтерейік, осы проблемаларды орнынан қозғайық деп», – деді Алматы онкология және радиология институтының бас-мойын ісіктері бөлімшесінің меңгерушісі Мұрат Қайбаров.

Дәрігерлердің айтуынша, Қазақстанда жылына 2,5 мың адам бас және мойын қатерлі ісігіне шалдығады. Бұл Қазақстан онкологиялық және радиологиялық институының дерегі ғана.

«Ал дәрігердің тексеруінен өтпей, тіркелмей жүргендердің саны бұдан да көп болуы мүмкін», – деді сьездге қатысушылар.

Алайда инновациялық жаңа технологиялардың дамыған заманында қатерлі ісікті емдеудің түрлі тәсілдері қолданылуда.

«Қазір бізде онкологиялық ауруларды емдеудің үш тәсілі қолданылады. Операциялық емдеу, химия және сәулелік терапия. Ал дамыған елдердің білікті ғалымдары бас қосқан мұндай жиындар онкологиялық ауруларды емдеуге жаңа мүмкіндіктер сыйлайды. Дәрігерлер бір-бірімен тәжірибе алмасып, науқасты емдеудің жаңа тәсілдерін меңгереді», – дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас онкологы Дилара Қайдаров.

Съезд барысында Қазақ онкология және радиология ҒЗИ мамандары шетелдік хирургтармен бірлесіп онкогинекология, маммология, торакалды онкология бойынша шеберлік сағатын өткізді. Бұдан бөлек науқастарға нәтижелі ем жүргізу үшін түрлі әдістемелер ұсынылып, арнайы көрмеде заманауи құрал-жабдықтар таныстырылды. Жиын соңында Қазақ онкология және радиология ҒЗИ мен Францияның Кюри атындағы онкологиялық орталығы бірлесіп жұмыс істеу жөнінде меморандумға отырды.

24.kz

Тағы да оқыңыз: